Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін едәуір арттырды. МӘМС – әлеуметтік жоба, жинақтаушы жүйе емес. Сондықтан сақтандырылған әрбір азамат көрсетілген жарна көлеміне қарамастан қажетті медициналық көмекті толық алады. Қалада бүгінде 177 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді, оның 34-і мемлекеттік, 143-і жекеменшік медициналық мекемелер. Қор МӘМС аясында түскен қаражатты ай сайын медициналық ұйымдарға көрсетілген қызмет көлеміне сәйкес төлеп отырады, бұл денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, қала стационарларында 258 112 пациент емделген. Оның 30 231-і – ТМККК шеңберінде, ал қалған негізгі бөлігі МӘМС пакеті есебінен ем қабылдады. Күндізгі стационарда 31 мыңға жуық адам қызмет алды. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында 155 мыңнан астам азаматқа 83 нозология бойынша тегін дәрілік препараттар берілді. Сонымен қатар, МӘМС есебінен консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігі кеңейді: биылғы 9 айда 6,5 миллионға жуық зерттеу мен консультация жүргізілді.
Жоғары технологиялық медициналық көмек және оңалту қызметтерінің сапасы артуда
2025 жылдың 9 айында Шымкент қаласында жоғары технологиялы медициналық көмекті дамыту жалғасты. Осы кезеңде 1000-ға жуық жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетілді. Қаржыландырудың басым бөлігі кардиохирургия және нейрохирургия саласындағы күрделі операцияларға бағытталды. Жыл басынан бері 1 жүрек және 17 бүйрек трансплантациясы жасалды, олардың әрқайсысы МӘМС қаражаты есебінен өтеледі. Сонымен қатар, соңғы бес жылда Шымкент жүрек орталығында 23 жасанды жүрек имплантациясы МӘМС жүйесі арқылы орындалған, бір операцияның орташа құны 77 миллион теңгені құрайды.
Оңалту қызметіне сұраныс жыл сайын артып келеді. 2025 жылдың 9 айында 320 мыңнан астам оңалту қызметі көрсетілді. Оңалту инсульттан кейінгі науқастарға, жарақат алған азаматтарға, операциядан кейінгі пациенттерге, созылмалы аурулары бар адамдарға және тірек-қимыл аппараты бұзылыстары бар балаларға қолжетімді. Оңалту курсын тағайындау қажеттілігі реабилитологтың немесе көпсалалы комиссияның қорытындысы негізінде анықталады.
Сапаны қамтамасыз ету механизмдері және МӘМС жүйесімен қамтылу деңгейі баяндалды
Қор тарапынан медициналық ұйымдардың қызмет сапасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. 2025 жылдың 9 айында 245 мыңнан астам ақау анықталып, 1,1 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды. Емдеу мекемелеріне түскен 300-ден астам шағымның 148-і негізсіз деп танылды. Шағымдар негізінен қызмет көрсетуден бас тарту, қызмет сапасының төмендігі және дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуіне қатысты болды. Осыған байланысты ішкі аудит жұмысы күшейтіліп, медициналық ұйымдарда қызмет сапасын арттыру бағытында қосымша шаралар қабылданды.
МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер халықтың әлсіз топтарына көрсетілетін қолдауды күшейтуге бағытталған. Енді әлеуметтік жағдайы төмен, дағдарыстық деңгейдегі D және E санатындағы азаматтар үшін сақтандыру жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейді. Сондай-ақ ресми жұмыссыз азаматтар да жергілікті бюджет есебінен сақтандырылады. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 1 миллионнан астам адам немесе халықтың 81,7 пайызы сақтандырылған. 800 мыңға жуық жеңілдік санатындағы азаматтың жарнасын мемлекет төлейді. Ал 232 мың тұрғын сақтандырылмаған, олардың ішінде 55 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топқа жатады. 2026 жылдан бастап осы топтағы азаматтардың сақтандыру жарналарын жергілікті бюджет өтейді, бұл олардың медициналық көмекті уақтылы алу мүмкіндігін арттырады.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/TF8qb6Y5uDc?si=oHj54VAhBGFOtyEb
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
