Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион ауқымды жаңғыртудан өтіп, заманауи келбетке ие болды. Енді бұл спорт нысаны халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға толықтай дайын. Жаңарту жұмыстары «Ордабасы» футбол клубының демеушілігімен және жергілікті биліктің қолдауымен жүзеге асырылды.
Жыл басында басталған жаңғырту жұмыстары бірнеше бағытты қамтыды. Алдымен стадионның табиғи газоны толықтай ауыстырылып, автоматты суару жүйесі орнатылды. Бұл жұмыстарды тәжірибелі мамандар атқарып, газонды жаңартуға 54 миллион теңге, ал суару жүйесіне 24 миллион теңге бөлінді. Жоба құнының жалпы сомасы – 78 миллион теңге, және бұл қаражат толығымен демеушілер есебінен жұмсалды.
Сонымен қатар, стадиондағы жүгіру жолақтары да халықаралық талаптарға сай қайта жабдықталды. Көк түсті сапалы тартан жабындысы төселіп, сегіз жолақты жаңа жүйе құрылды. Бұл жұмыстардың құны – 380 миллион теңге. Жеңіл атлетикаға арналған мұндай алаң енді әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымдық өзгерістер мұнымен шектелмейді. Стадион аумағы толығымен абаттандырылып, көрермендерге арналған орындықтар мен ВИП-кабиналар жаңартылды. Бапкерлер мен қосалқы ойыншыларға арналған жайлы орындықтар қойылып, негізгі команда үшін арнайы жаттығу және қалпына келтіру блогы ашылды. Бұдан бөлек, заманауи LED-экрандар, мультимедиялық табло және борттық мониторлар орнатылды.
Жалпы алғанда, жаңғырту жобасына жергілікті бюджеттен 149 миллион теңгеден астам қаржы бағытталды. Ал негізгі құрылыс материалдары мен жабдықтар демеушілер тарапынан қамтамасыз етілді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асқан бұл жоба Шымкенттегі спорт инфрақұрылымының дамуындағы маңызды кезең болып саналады.
Жаңартылған Қажымұқан атындағы стадион тек футболсүйер қауым үшін ғана емес, жалпы қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі қолайлы спорт алаңына айналды. Бұл — Шымкенттің спортқа деген қамқорлығының, жанкүйерлерге көрсеткен құрметінің және болашаққа деген сенімінің айқын көрінісі. Енді шымкенттіктер мен қала қонақтары заманауи стадионда халықаралық талаптарға сай спорттық шараларға куә бола алады.
Дереккөз: 13kz.kz
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
