Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сотта қаралған істердің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің пайдасына шешілуде» — Xnews — ақпарат агенттігі

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сотта қаралған істердің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің пайдасына шешілуде»

«Бизнестің мүддесі мен құқығын қорғау мәселесі – біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет.

Соңғы жылдары құқық және сот жүйесін жаңғырту үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Әкімшілік әділет институты пайда болды. Бұл бастамалар қазірдің өзінде жақсы нәтиже бере бастады. Сотта қаралған істердің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің пайдасына шешілуде.

Бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудың алдын алу бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Экономикалық қылмыстарды декриминализациялау жүргізілді.

Мұның бәрі «Заң мен тәртіп» қағидатының орныға түсуіне ықпал етеді. Бас Прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеті жыл соңына дейін Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет болып өзгереді. Ірі инвесторларға арналған «Жасыл дәліз» жүйесі іске қосылды. Енді оларға рұқсатнама құжаттары тез берілетін болды».

Президент дүние жүзі бойынша тікелей шетелдік инвестиция нөпірінің құлдырауының негізгі себептерін атады

«Мен Жолдауда жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігін айттым. Қазір әлемде нарық және капитал үшін талас-тартыс күшейіп барады.

БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) мәліметіне сәйкес, дүние жүзі бойынша тікелей шетелдік инвестицияның нөпірі айтарлықтай бәсеңдеген. 2024 жылы әлемде нақты секторға бағытталған инвестиция көлемі 11 пайызға, яғни 1,5 триллион долларға дейін қысқарған.

Басқаша айтқанда, жаһандық инвестиция биыл екінші жыл қатарынан құлдырап барады. Мұның негізгі себебі – үдей түскен геосаяси шиеленіс пен халықаралық жеткізу тізбегінің үзілуі.

Сондықтан біз еліміздегі іскерлік ортаны жақсартуымыз керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызы айрықша мақсат».

Мемлекет басшысы: «Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен екі триллион теңгеге жетті»

«Бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру маңызды. Экспорт нарығында бәсекеге түсе алатын, отандық шикізатты пайдаланатын, сондай-ақ озық технологиялар мен инновациялар трансферімен айналысатын кәсіпорындарға басымдық берілуге тиіс.

Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен екі триллион теңгеге жетті. Тікелей субсидиялаудан гөрі кепілдік беру құралдарына көштік.

Осы мақсатта менің тапсырмаммен «Даму» қоры жанынан шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға арналған екі кепілдік қоры құрылды. Аталған бағыт аясында 2229 жобаға жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден астам кредит берілді. Оның ішінде 220 миллиард теңгеден астамы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілді».

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды

«Құжатта өңірлердің ерекшелігі мен кәсіпкерлерді нақты қолдау тетіктері қарастырылуға тиіс.

Жергілікті өнімге, білім мен заманауи технологияға басымдық беру айтарлықтай нәтиже әкелетінін тәжірибе көрсетті. Мысал ретінде Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) және «Атамекен» ұлттық палатасының қолдауымен жүзеге асқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасын келтіруге болады.

Ауыл-аймақтардан осындай ақылға қонымды өтініштер мен ұсыныстар жиі түседі. Мәселен, қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорын ашу туралы бастаманы айтуға болады. Неге екенін қайдам, қанша жыл өтсе де осы шаруаны Үкімет те, бизнес те қолға алмаған. Әйтсе де шағын және орта бизнес бұл кәсіппен айналысуға ниетті.

Үкімет ортақ жауапкершілік қағидатына сай мемлекет пен бизнестің тиімді қарым-қатынас жасауына жан-жақты ықпал етуі керек. Бұл ауылдар мен шағын қалалардың дамуына тың серпін береді».

t.me/aqorda_resmi

Яндекс.Погода
x

Check Also

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды

Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің ұстанымын Ұйымдағы дағдарыстың басты себептерінің бірі ретінде атады – Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы ...

Президент бүгінгі көшбасшылардың бойынан табылуға тиіс қасиеттерге тоқталды

– Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп ...