«Мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзгерту керек. Бұл істе жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын тиімді қолданған жөн.
Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 триллион доллардан 26 триллион долларға дейін пайда әкеліп, 78 миллион жұмыс орнын аша алады.
Ал Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Осындай болжам бар. Бірақ шын мәнінде қалай боларын өмір көрсетеді.
Біз тың мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек».
Президент: «Кәсіпкерлерді қолдау үшін ыңғайлы цифрлық экожүйе қалыптастыру қажет»
«Қазір ЕgovBusiness платформасы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер қолжетімді бола түсті. Кәсіпкерлердің жұмысы жеңілдеп, қағазбастылық азайды. Биылдың өзінде осы қосымша арқылы 4,6 миллионнан астам қызмет көрсетілді.
Енді платформаны Бизнестің цифрлық картасымен өзара байланыстыру жұмысын аяқтау қажет. Сонымен бірге осы платформаға жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызмет түрлерін қосу керек.
Бұл шаралар кәсіпкерлердің біртұтас платформа арқылы әртүрлі қызмет алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ платформада жасанды интеллект көмегімен бизнес жүргізуге қатысты толыққанды кеңес алуға болады. Мұндай қадам әкімшілік кедергілерді азайтып, мемлекеттік қолдау шараларының ашық әрі тиімді болуына ықпал етеді».
Мемлекет басшысы: «Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұр»
«Экономиканы сапалы дамыту үшін реформаларды жалғастыру керек. Ең алдымен, экономиканың тиімділігі мен әлеуетін арттыру – басты мақсат.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий жарияланды. Бәсекелестік ортаға берілетін 473 нысанның тізімі жасалды. Сарапшылардың есебі бойынша, бұл кәсіпкерлерге шамамен 3,5 триллион теңге пайда табуға мүмкіндік береді.
Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұр. Бұған дейін заңнаманы түгел тексеріп, оны жетілдіру жөнінде тапсырма берген болатынмын. Ол үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады, Міндетті талаптар тізімі енгізіледі.
Сондықтан Үкімет пен бизнес-қоғамдықтың үйлесімді әрекет етуін, әсіресе, цифрлық ықпалдастықты күшейту керек. Кәсіпкерлер бюрократияның азайғанын сезінуге тиіс, яғни бұл өткеннің еншісінде қалуы керек. Үкімет пен қадағалаушы органдарға осындай міндет жүктеймін. Бағаның еркін нарық талаптарына сай қалыптасуы, мемлекет иелігінен жаппай шығару және икемді реттеу саясаты – экономиканың табысты трансформациясының кепілі».
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары