Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беретінін айтты — Xnews — ақпарат агенттігі

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беретінін айтты

«Мен Мемлекет басшысы ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп отырмын, негізгі мәселенің бәрі де менің жеке бақылауымда.

Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолдануда. Дегенмен, әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер мен түйткілдер аз емес, оны біз ашық түрде мойындаймыз.

Ең алдымен, қосылған құны жоғары сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске барынша жағдай жасалуы қажет. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсете отырып, кәсіпкерлеріміздің өз істерін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуына серпін берген жөн. Мұны кәсіпкерлікті дамыту саясатының маңызды шарты деп айтсақ, артық болмайды».

Президент инфляцияны тұрақтандыруды және төмендетуді, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз етуді, сондай-ақ азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасауды Үкіметтің өзекті міндеті ретінде атады

«Үкімет жүргізіп отырған экономикалық саясат аясында инфляцияны тұрақтандыру және төмендету, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасау өте өзекті міндет саналады. Осы бағытта таяуда Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қабылдады. Мен бұл жайында ауыл әкімдерінің диалог-платформасында айтқан едім. Аталған бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін барлық салалық органдар мен әкімдіктер жұмыла жұмыс істеуі қажет екенін тағы да атап өткім келеді.

Кәсіпкерлер үшін салық, тариф және реттеу саясатының айқын әрі әділетті болғаны ерекше маңызды. Жаңа Салық кодексі мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық моделін жаңғыртады.

Кәсіпкерліктің орнықты дамуы өзара міндеттерді орындауға негізделетінін түсінгеніміз жөн. Осы орайда мемлекет қолайлы іскерлік орта қалыптастырады. Ал бизнес салықтан жалтармайды. Бұл дамыған, өркениетті елдердің барлығына тән».

Мемлекет басшысы Үкіметке кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселесіне қатысты өтініштерін мұқият саралауды тапсырды

«Соған қарамастан маған бизнес тарапынан жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселесіне қатысты өтініштер түсіп жатыр. Өтініштердің мазмұны баршаға мәлім, олар бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда.

Үкімет оларды мұқият саралап, ақылға қонымды шешім табады деп ойлаймын. Анығын айтқанда, басқа жол жоқ. Бұл – мемлекеттік ауқымдағы міндет.

Салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге баса мән беру қажет. Аталған мәселені цифрлық құралдар арқылы шешу кәсіпкерлерді алаңдатып отырған көптеген түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік береді.

Келесі жылы Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі мен Тауарлардың ұлттық каталогы енгізілетінін де ескеруге тиіспіз. Жаңадан іске қосылатын бұл тетіктер кейбір кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алу байқауларында негізсіз артықшылыққа ие болу мәселесін реттеуге ықпал етуі керек.

Үкімет «Атамекен» палатасымен бірге осы жылдың соңына дейін бизнес-қоғамдастыққа зияны тимейтін жаңа нормалар енгізуді қамтамасыз еткені жөн».

t.me/aqorda_resmi

Яндекс.Погода
x

Check Also

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды

Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің ұстанымын Ұйымдағы дағдарыстың басты себептерінің бірі ретінде атады – Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы ...

Президент бүгінгі көшбасшылардың бойынан табылуға тиіс қасиеттерге тоқталды

– Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп ...