Теміржол – ел экономикасының күретамыры, халықтың негізгі қатынас құралы. Осы салада еңбек етіп жүрген білікті мамандардың бірі – Токсеитов Аянхан.
Аянхан Алпысханұлы 1991 жылдың 19 наурызында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қазығұрт станциясында маневр диспетчері болып қызмет атқарады. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары маман ретінде әріптестерінің құрметіне бөленіп жүр.
Маневр диспетчерінің жұмысы – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Себебі пойыздардың қозғалысын үйлестіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және уақытты тиімді басқару – оның күнделікті міндеті. Аянхан бұл талаптардың барлығын абыроймен орындап келеді.
Жас маман еңбек ете жүріп, кәсіби біліктілігін ұдайы арттыруда. Теміржолдағы қызмет – үздіксіз үйренуді, тәжірибе жинауды талап етеді. Аянхан осы жолда ізденістен жалықпай, өз білімін жетілдіруге күш салып келеді.
Әріптестері оны еңбекқор, іскер, ұжыммен тіл табысатын азамат деп сипаттайды. Қызметінде жинаған тәжірибесін жастармен бөлісіп, әрдайым қолдау көрсетіп отырады.
Мемлекетіміздің дамуы үшін адал еңбек етіп жүрген теміржолшылардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Солардың қатарында жүрген Аянхан Алпысханович – туған жерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген жас маман.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.
Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
