Шымкентте тәртіпті дрондар бақылайды

Шымкентте экологиялық ахуалды бақылауға дрондар қолданыла бастады. «Ақылды жүйемен» жабдықталған құралдар тәртіп бұзушыларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін де назарда ұстайды.

«Ақылды жүйемен» жабдықталған дрондар аспанға көтерілді. Бір мезетте қаланың 5 аумағын қамтып, заңсыздықтарды алдын алуға жұмылдырылды. Енді әрбір күмәнді әрекетке қатысты фото-видео дәлелдемелер нақты уақыт режимінде басқару орталығына жолданады.

Қала аумағын пилотсыз аппараттармен бақылау күшейтілді. Енді заңсыз қоқыс полигондарына қарсы әуеден барлау жүргізіліп, тәртіп бұзушыларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік туады. Басты мақсат экологияны қорғауға бағытталған.

Биыл геопорталдың ғарыштық түсірілімнен 46 қоқыс үйіндісі анықталды. Әсіресе бейнебақылау камерасы жоқ өзен-көлдің жағалауы мен сай-салаларға заңсыз күл-қоқыс тасталған. Сала мамандары ақылды жүйе арқылы осындай орындарға ұдайы мониторинг жүргізуді ұсынды.

Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаментінің басшысы:

— Жалпы жыл басынан бері қала әкімшілігі мен аудан әкімшіліктерінің ұйымдастыруымен 27 мың тоннадан аса қоқыс жиналып, залалсыздандырылды. Президенттің тапсырмасы бар цифрландыру қажет деген. Сондықтан оған біздің көзқарасымыз өте жақсы. Себебі бей-берекет қоқыстарды алдын алуға негіз болатын шығар деп ойлаймыз.

Дрондар тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, заңсыз құрылыстарды дер кезінде тоқтату үшін де қолданыла бастады. Сонымен қатар жол жөндеу мен әлеуметтік нысандардың жұмысы туралы шынайы деректер алуға пайдаланылады. Төтенше жағдайларды анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік туды. Ал пилотсыз аппараттардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін байланыс сапасы күшейтілді.

Мұхит Кемелов, қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы:

— Көптеген жаңа базалық станциялар іске қосылды. Одан бөлек 300-ден астам базалық станцияға жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қала аумағында сапаны жақсарту арқылы цифрландырудың әртүрлі өнімдерін пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта басқармалармен осы сияқты дрондарды жалға алу немесе сатып алу мәселесі қаралатын болады.

Пилоттық жоба сынақтан сәтті өтсе, келесі жылы өзге де салаларға енгізіледі. Жауапты мамандардың айтуынша, «Smart Shymkent» жобасы арқылы жасанды интеллектіні дамытып, жедел, қауіпсіз әрі қатесіз жұмыс жүргізу жоспарланған.

Сонымен қатар, қала сыртындағы жолдарда дрондар қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығуды, маневр жасау ережелерін, жарық шамдарын пайдалану ережелерін бұзуды және т.б. бұзушылықтарды анықтай алады. Тіркелген құқық бұзушылықтар жақын маңдағы полиция жасағына жіберіледі, одан кейін патрульдік полиция қызметкерлері құқық бұзушыға қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдайды.

Полиция қызметіндегі заманауи техникалық құралдар – «Заң мен тәртіп» қағидатын тиімді іске асырудың қажетті құрамдас бөлігі. Дронды пайдалану – айыппұлдар мен хаттамалар санын күшейтудің тәсілі емес екенін білу маңызды. Басты міндет – көшелер мен жолдарды әр адам үшін қауіпсіз ету. Дрондар қауіпті жағдайларды дер кезінде байқауға және қайғылы жағдайларды болдырмауға, қажетті шаралар қабылдауға көмектеседі. Бұл адамдардың тыныш және жайлы өмір сүруіне тағы бір қадам.

Дереккөз: «Хабар» телеарнасы

x

Check Also

Шымкентте 2 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылған еңбек жәрмеңкесі өтті

Шымкентте еңбек нарығындағы белсенділік артып келеді. Бүгін қаладағы Көрме орталығында «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты кең ауқымды бос жұмыс орындары ...

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...