2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 46 аудиторлық іс-шара өткізіп, олардың нәтижелері бойынша 34,1 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде қаржылық тәртіптің бұзылуы – 9,2 млрд теңге, ал рәсімдік сипаттағы заңбұзушылықтар – 24,9 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік сатып алулар саласындағы кемшіліктер – 23,2 млрд теңге болды,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Өткізілген аудиттердің басым бөлігі – жоспардан тыс (37 іс-шара), тек 9 аудит қана алдын ала жоспарға сәйкес жүргізілген. 2024 жылдан ауыспалы үш нысан мен 2025 жылғы тізбеге енген алты нысан қамтылды. Барлық аудитпен қамтылған қаржы көлемі – 364,1 млрд теңге, оның ішінде қаржылық есептілік аудиті – 315,8 млрд теңге, сәйкестік аудиті – 48,3 млрд теңге.
Анықталған 9,2 млрд теңге қаржылық бұзушылықтың 93,8 млн теңгесі бюджетке өтеуге, ал 9,06 млрд теңгесі қалпына келтіруге жатады. Оның ішінде 5,7 млрд теңге – орындалмаған құрылыс жұмыстарына байланысты. Бухгалтерлік есепке алу жолымен қалпына келтірілген сома – 49,9 млн теңге.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың алғашқы алты айында 8,2 млрд теңге өтеліп, қалпына келтірілді, бұл анықталған қаржылық бұзушылықтардың 89,3%-ын құрайды.
Аудит қорытындылары бойынша:
• 42 аудит нысанына бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жіберілді;
• 36 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды;
• 7 аудит материалы құқық қорғау органдарына беріліп, 901,1 млн теңге көлеміндегі заңбұзушылыққа процессуалдық шешім қабылданды;
• 2 іс сотқа жолданып, жалпы 28,9 млн теңге сомадағы талап қанағаттандырылды.
Сонымен қатар, 2024-2025 жылдардағы 9 аудит материалы бойынша сот шешімі заңды күшіне енген. Қосымша, есепті кезеңде 14 лауазымды тұлға 10,7 млн теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұл қаржы толық көлемде мемлекет бюджетіне өндірілді.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/HDDXx8y4O8o?si=yDNP7XaigSnlLgnU
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
