Жұмысшы мамандықтар жылы – еңбектің қадірін арттыру кезеңі

2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, еңбек адамын қолдауға арналған үлкен бастама жүзеге асуда. Бұл жыл жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын арттырып, жастарды еңбекке баулуды көздейді. Елдің экономикалық дамуы мен өркендеуінде қарапайым еңбек адамдарының үлесі зор екені атап көрсетілуде.

Құрылысшы, дәнекерлеуші, ұстаз, дәрігер, ауыл еңбеккерлері – барлығы қоғамның тірегі. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, еңбек адамдарының еңбегі дәріптелуде. Кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде мамандар даярлау жұмыстары жаңа деңгейге көтерілуде. Жастар арасында жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру мақсатында арнайы жәрмеңкелер, кездесулер өткізіліп жатыр.

Соның бірі Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде де өтті. Онда құрылысшы мамандығын меңгерген жұмысшы жастармен кездесуге кафедра меңгерушілері мен оқытушылар қатысты. Жиында құрылыс саласының қазіргі жағдайы, мүмкіндіктері мен болашағы жайлы пікір алмасу болды. Оқытушылар мен студенттер арасындағы ашық диалог білім беру сапасын жақсартуға, жас мамандарды еңбек нарығына дайындаудың тиімді жолдарын қарастыруға арналды.

Кездесуде ерекше назар аударылған мәселе – құрылысшы мамандығының еңбек нарығындағы сұранысы. Биыл М.Әуезов атындағы университетті құрылысшы мамандығы бойынша бітірген түлектердің саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп болғаны айтылды. Бұл жоғары оқу орнының осы салада білім беру сапасының жоғары екенін және студенттердің қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Жиын барысында оқу орнының өкілдері түлектердің 90 пайызы толық жұмыспен қамтылғанын мәлімдеді. Олардың көбі ірі құрылыс компанияларында қызмет етіп, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып жүр.

Кездесу барысында құрылысшы мамандығының артықшылықтары мен мүмкіндіктері де кеңінен талқыланды. Қатысушылар құрылыс саласының елдің экономикалық дамуына қосатын үлесін ерекше атап өтті. Сол үшін, бұл салаға келемін деушілерге мемлекеттік грантта, түрлі шетелдік бағдарламаларда қарастырылған.

Құрылыс саласы – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан оны дамытуға бағытталған әрбір қадамның маңызы зор. Мұндай шаралар жас мамандарға тек кәсіби біліктілік беріп қана қоймай, олардың ел болашағына қосар үлесін терең сезінуге мүмкіндік бермек.

Бұл бастама еңбек адамының мәртебесін өсіруге, қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған. Әрбір жас ұрпақ адал еңбектің қадірін түсініп, кәсіби жолын дұрыс таңдауы үшін қолдау көрсетілуде. Өндіріс орындарында, ауыл шаруашылығында, білім мен денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылардың еңбегі бағалануда. Жұмысшы мамандықтарының дамуы – елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының кепілі. 

Бүгінгі бастама арқылы еңбек адамының бейнесі жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынылуда. Мамандық иелерінің табандылығы мен төзімділігі елдің өркендеуіне зор үлес қосуда. Жұмысшы – ел дамуының негізгі тірегі екендігі халық арасында кеңінен насихатталуда. Жыл бойы атқарылған шаралар еңбек адамының қадір-қасиетін дәріптеумен қатар, кәсіби шеберлікті арттыруға да жол ашуда. Мемлекет тарапынан қолдау тапқан бұл бастама еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі болып отыр.

Қарапайым еңбек арқылы биік жетістікке жетуге болатынын көптеген тағдырлар дәлелдеп келеді. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы жұмыстар ел болашағына үлкен серпін беруде. Жастардың еңбекке құштарлығы мен мамандыққа деген қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Бұл жыл еңбек адамының қоғамдағы орны мен мәртебесін көтерген тарихта ерекше жыл болып қалары сөзсіз.

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...