Қызметіне адал маман – сапалы жұмыстың кепілі

Беркімбай Тоғайбай Сайлаулы – жылу энергетикасы саласында мол тәжірибесі бар, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білікті маман.

Ол еңбек жолын 1982–2003 жылдар аралығында «Октябрьский» жеміс-жүзім шаруашылығы кеңшарында тракторист болып бастады. Әр саланың жұмысын жетік меңгеруге тырысқан Тоғайбай Сайлаулы 2007–2008 жылдары «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-де слесарь-сантехник қызметін атқарып, техникалық саладағы тәжірибесін жетілдіре түсті.

2008 жылдан бастап жылу энергетикасы саласына бет бұрып, «3-Энергоорталық» АҚ-да жөндеу бойынша 3-дәрежелі слесарь болып еңбек етті. Мұнда ол кәсіби біліктілігін көрсетіп, сапалы еңбегімен көзге түсті.

2015 жылдан бері «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының №1 аудандық бөлімшесінде 5-дәрежелі слесарь ретінде жылу жүйелеріне қызмет көрсетіп келеді. Ол өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, техникалық жүйелердің тұрақты әрі апатсыз жұмыс істеуіне сүбелі үлес қосуда.

Тоғайбай Сайлаулының көпжылдық тәжірибесі мен еңбексүйгіштігі ұжым арасында үлкен құрметке ие. Жас мамандарға әрдайым бағыт-бағдар беріп, өзінің өнегелі ісімен үлгі бола білуде.

Жылу жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі – Тоғайбай Сайлаулы сынды адал еңбек етіп жүрген мамандардың арқасы.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».

Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.

Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.

Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.

Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы

x

Check Also

Аграрлық саясаттың жаңа бағыты: Мал шаруашылығы, жер және су реформасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында агросекторды дамытудың үш негізгі бағыты – мал шаруашылығының әлеуетін арттыру, жер қатынастарын ...

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне ризашылығын білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде осылай деді. «Ең алдымен, барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне кәсіби ...