2025 жылдың алғашқы алты айында Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларына қатысты 90-ға жуық қылмыстық іс қозғады. Бұл қылмыстардың құрбандары болған азаматтар саны 400-ден асады, ал келтірілген материалдық шығын 700 миллион теңгеден артық.
«Егер жоба сізге жоғары табыс уәде етіп, жаңа қатысушыларды тартуды міндеттесе – бұл нақты пирамида. Мұндай жүйе ерте ме, кеш пе құлайды. Тек алғашқы қатысушылар аздап пайда көруі мүмкін, қалғандарының ақшасы түгел жоғалады», – деді агенттіктің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілінің сөзінше, 2024 жылы агенттік 45 қаржы пирамидасын жойған. Олардың ішінде тек 20 миллиард теңге қаражаттың бір бөлігі ғана азаматтарға қайтарылған. Қалғаны – белгісіз шоттарға аударылып, жымқырылған. Осы іске байланысты 78 адам сотталған, мыңдаған сайт пен жүздеген чат бұғатталған. Пирамидалар көбіне «инвестициялық платформа», «жеке қор», «стартап», «жобалық қаржыландыру» деген атаумен жасырынады. Алаяқтар арнайы кеңселер ашып, семинарлар өткізіп, танымал тұлғалармен фотоға түсіп, әлеуметтік желіде белсенділік танытады. Бұл – азаматтардың сенімін арттыру үшін жасалатын қулық.
Сондай қылмыстық ұйымның бірі Шымкентте де пайда болды. Қаншама адамды сан соқтырған атышулы «Назира голд» қаржы пирамидасы.
Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлының мәлімдеуінше, Нәзира Нұржан өзінің сыбайластарымен бірге өткен жылдан бері интернетке алтын сататынын жариялап 4 мың адамды «Салған ақшаңның үстінен бес ай бойы 41 пайыздан пайда тауып отырасыңдар», деп өтірік уәдесіне сендірген. «10 млн теңге салсаңыз, 41 пайыздан ай сайын 4,1 млн теңге пайда табасыз. Бес айда табысыңыз 20,5 млн теңгеге шығады. Алтыншы айда бастапқы салған 10 млн теңгеңізді қайтып аласыз», деп уәдені үйіп төккен.
Құзырлы орган өкілінің айтуынша, мұндай табысты ешқандай жұмыс беруші бере алмайды. Ондай уәдеге сенетін адамдардың қысқа қайырғанда қаржылық сауаты жоқ деген сөз немесе оңай ақша табу ниетімен көзсіз тәуекелге баратындар.
«Бизнесте рентабельдік деген ұғым бар. Бұл – кәсіпкерліктен түсетін пайданың көлемі. Қаржыгер мен экономистердің есебінше жылына 1–5% көлемінде пайда табу – төменгі рентабельді, 5–20% – орташа рентабельді, 20–30% жоғары рентабельді бизнес саналады. Ал «Назира голд» қаржы пирамидасы 200–300% аралығында пайда табасыңдар деген. Ақылға қонымсыз ғой. Мұндай пайда болса, жұрттың бәрі алтын сатумен айналысып кетпей ме? Әлеуметтік желіде өзін күдікті Нәзира Нұржанның қорғаушысымын деп таныстырып жүрген Тілеужан Кішкенебаев деген азамат бар. Ол экономикалық тергеп-тексеру департаментіне Нәзираның қорғаушысы ретінде бірде-бір рет бас сұқпаған. Тергеу ісіне де араласпаған. Себебі ол – ешқандай да адвокат емес. Республикалық адвокаттар алқасының жауап хатына сәйкес Т.Кішкенебаевтың адвокаттық қызмет атқаруға лицензиясы жоқ болып шықты. Ол халық арасында шындыққа жанаспайтын әртүрлі ақпарат таратып, салымшыларды Нәзираның үстінен арыз жазбауға үгіттеп жатыр. Оның Нәзира Нұржан серіктестерімен бірге мемлекетке 1,2 млрд теңге салық төледі деген ақпараты кірістер департаментімен ешқандай расталмады. Одан бөлек, Нәзираның жанында жүрген адамдары алтын бұйымдар сататын кәсіпкер ретінде тіркелмегені анықталды. Нәзираның өзі алтын сатты. Бірақ оның бәрін тек көзбояушылық үшін жасады», деді Алмас Манатұлы.
Департамент өкілінің айтуынша, нарықта саудагерлер алтынның 1 грамын 26 мың теңгеге сатып алады. 10 млн теңгеге 384 грамм алтын келеді. Оның әр грамын бөлшек саудада 30 мың теңгеден сатады. Сонда бастапқы 10 млн теңге 11 млн 538 мың теңге табысқа айналады. Яғни үстінен 1 млн 538 мың теңге таза пайда көретінін тілге тиек етті. Сондықтан 200–300 пайыздап пайда табу деген бос қиял.
Қазақстан Бас прокуратурасының, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, бұған дейін Нәзира Нұржан төрт рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Оның үшеуі ұрлық, біреуі алаяқтық дерегі бойынша істі болған.
Нәзира басқарған алаяқтық топтың салымшылардан жинаған ақшасы, сатып алған жылжымайтын мүліктері, көлік басқа да заттары тәркіленді. Олардың жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайды. «Назира голд» қаржы пирамидасынан жаппа шеккен 104 азамат экономикалық тергеп-тексеру департаментіне арызданыпты. Жәбірленушілерге келтірілген залал көлемі 810 млн теңгені құрап отыр. Кейбір азаматтар қарызға несие алып, үйін сатып 130 млн теңгеге дейінгі ақшаны қаржы пирамидасына салып жіберген.
Құзырлы орган өкілінің мәлімдеуінше, сот шешімімен қаржы пирамидасынан тәркіленген мүліктер сатылып, одан түскен пайда жәбірленушілерге толық қайтарылады.
Ал, қаржылық мониторинг агенттігі Шымкентте 200 адамды алдаған қаржы пирамидасының қызыметін тоқтатты. Заңсыз ұйым «ҚазМұнайГаз Инвест» деген атаумен азаматтардың сеніміне кіріп, алаяқтық жасаған. Ал заңсыз жолмен салымшылардан жиналған қаражатқа екі қымбат көлік, сондай-ақ Түркістан облысынан тұрғын үй мен мейрамхана сатып алған. Бұл мүліктерді жасыру мақсатында туыстарының атына рәсімдепті. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынып, күдіктілер қамауға алынды.
Айта кетейік, олар салымшыларға әр 15 күн сайын 50% кіріс түсетінін айтып қызықтырған.
— Төлемдер тек жаңадан тартылған қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Бастапқы салым сомасы 500 мың теңгеден басталған.
Нәтижесінде шамамен 200 азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналып, жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаржысынан айырылған,-деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидасын кеңінен насихаттай отырып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттырып, қаржылық пирамидалар мен алаяқтық схемаларға қарсы иммунитет қалыптастыруды тапсырған болатын. Қаржы пирамидалары – бұл тек ақша емес, адамдардың сеніміне жасалған шабуыл. Олар қоғамға экономикалық қана емес, психологиялық зиян да келтіреді. Мемлекет пен қоғам бірлесіп, бұл құбылыспен күрес жүргізуі қажет. Ең маңыздысы – әр азамат өзінің қаржыға қатысты шешімдеріне жауапты екенін сезінуі керек. Сенім емес, білім маңызды!
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
