Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен келіссөз жүргізді

«Ақорда» резиденциясында Әзербайжан Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Екі елдің әнұрандары орындалған соң президенттер келіссөз залына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Сізді мемлекеттік сапарыңыз аясында Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан Сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Қазіргі кезде Әзербайжан Сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен халықаралық аренадағы абырой-беделін елеулі түрде арттырды, өз өңірінде ықпалды мемлекет ретінде өте маңызды рөл атқарады. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Ильхам Әлиев:

– Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Еліңіздегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еліңізді жаңғырту мен әлеуетін арттыру жолындағы бағдарыңызды толық қолдаймыз. Екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық, одақтастық сипат алғанын атап өттіңіз. Біз барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі келіссөз, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы барысында ауқымды күн тәртібін тағы да пысықтап, өзара серіктестіктің алдағы қадамдарын айқындаймыз, – деді Әзербайжан Президенті.

Мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты талқылады.

Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа назар аударды.

Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

x

Check Also

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен келіссөз барысында саяси және экономикалық байланыстарды жандандыра түсетін жаңа бағыттар айқындалғанын жеткізді

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен келіссөз барысында саяси және экономикалық байланыстарды жандандыра түсетін жаңа бағыттар айқындалғанын жеткізді – Өзара ынтымақтастық әлеуетін ...

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты

Жиынның күн тәртібінде екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін Президент Шавкат ...