Түркістан облысы әлемдік тоқыма алпауытының инвестициясын тартуда — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістан облысы әлемдік тоқыма алпауытының инвестициясын тартуда

Мақта – тек аграрлық өнім емес, өңір дамуының драйверіне айналмақ. Түркістан облысы тағы бір халықаралық ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қадам басуда. Шикізатты арзан бағамен шетелге сатпай, өзімізде мата, киім, дайын өнім шығару – жаңа экономикалық деңгейдің бастауы. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әлемдегі ең ірі мақта-мата өнімдерін өндірушілердің бірі Texhong Group басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Әкім инвесторға өңірде мақта кластерін дамытуға атсалысуды ұсынды. Тараптар өңірде мақта кластерін дамытуға үлес қосып, жылына 300 мың тонна мақта өңдейтін бірнеше заманауи зауыттар салу жоспары талқыланды.

Түркістанда мақта өсіріледі, өңделеді, одан мата тігіліп, киім шығарылады. Осы толық тізбекті жасап, дайын өніммен әлемдік нарыққа шығу – басты мақсат.

– Бізге мақта егумен қатар оны терең өңдейтін өндірістер қажет. Бұл бағытта Texhong сынды алпауыттармен әріптестік – біздің стратегиялық таңдауымыз. Біз сіздерге барлық қажетті мемлекеттік қолдауды ұсынамыз. Түркістан облысында инфрақұрылыммен қамтылған индустриялық аймақтар бар. Мен және осы салаға жауапты басшылар әр инвестормен жеке байланыстамыз. Кәсіптеріңізді мақтаның отаны саналатын Түркістан өңірінде дамытуға шақырамыз. Әкімдік тарапынан барлық қолдау мен сүйемелдеу болады. Мақта – біз үшін тек ауыл шаруашылығы емес, индустриялық серпіліс құралы, – деді Нұралхан Көшеров.

Texhong Group – тоқыма өндірісіндегі жаһандық көшбасшы. Компания жыл сайын 900 мың тонна мақта өңдейді. Қытай, Вьетнам, Түркия, Мексика және Никарагуа елдерінде өндірістік базалары бар. Компания құрамында иірім жіп және мата өндірісі, индустриялық парктерді дамыту және күн энергетикасы арқылы энергия өндіру бағыттары бар. Компания энергияны күн көзінен, газдан өндіреді және қажет жағдайда қосымша қуат көздерін де іске қоса алады. Яғни, өндірісті өз энергиясымен толық қамтамасыз етуге қауқарлы.

Бүгінде Түркістан облысында жылына 150 мың гектарға мақта егіліп, 270 мың тоннаға жуық өнім жиналады. Жеңіл өнеркәсіп саласында да үлкен мүмкіндіктер бар. Су үнемдеу технологияларын енгізген шетелдік инвесторлар элиталық мақта сорттарын өсіріп, саланы сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріп отыр. Бүгінде өңірде 25 мақта өңдеу зауыттары бар. Иірілген жіп және мата өндірісін қамтитын тоқыма кластерлерін құру жоспарда бар. 2027 жылға дейін облыста 5 тоқыма кластерін іске қосу көзделуде.

Облыста осы жылы мақта алқабы 38 мың га артып жалпы 144,5 мың гектарда мақта егілуде, ағымдағы жылы 470 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналуы күтілуде. 50 мың га алқапта озық технологияларды қолданумен егілуде.

Облыста 20 индустриялық аймақ пен дайын өндірістік парк жұмыс істейді. Инвесторлар үшін барлық қажетті инфрақұрылым тартылған. Бұл – шикізатқа бай, инфрақұрылымы дайын, еңбек ресурсы мол Түркістанды шетелдік инвесторлар үшін ерекше тартымды етеді.

Texhong-ның Түркістанға келуі – тек инвестиция ғана емес, технология мен тәжірибе трансфері. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орындары ашылады, экологиялық таза өндіріс стандарттары енгізеді және жаңа кәсіптік оқыту үлгілерін енгізуге ықпал етеді. Бұл – облыстың индустриялық кластерін дамытудағы жаңа серпін.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Яндекс.Погода
x

Check Also

Шымкентте Қырғызстанның бизнес ассоциацияларымен меморандум түзілді

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында қырғыз делегациясымен ауқымды кездесу өтті. Жиынға Қырғызстан Республикасы Экономика министрлігінің басқарма басшысы Искандербек Маматов, Кәсіпкерлер палатасының ...

Түркістан облысындағы су айдындарында қауіпсіздік жұмыстары күшейтілді

Шомылу маусымы баталғанда ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмау керек. Сондай-ақ, судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында ...