Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің Тұран ауданы тұрғындарымен өткізген көшпелі кездесуі барысында көтерілген бірқатар өзекті мәселелер өз шешімін тапты.
Атап айтқанда, Жаңаталап тұрғын алабының тұрғындары Бейбітшілік көшесіне жарық шамдарын орнату және асфальт жабындысын жаңарту қажеттігін жеткізген болатын. Қала басшысы бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Қысқа мерзім ішінде Бейбітшілік көшесіне жарық шамдары толық орнатылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, қазіргі таңда аталған көшеде жолдың екінші қабатты асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар аудан тұрғындары үшін жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Жаңғыртылған инфрақұрылымға куә болған жергілікті тұрғындар көрсетілген қолдау мен атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіруде.
13 ауыз су бұрқағы орнатылды
Тұран ауданы әкімі аппараты тарапынан аудан аумағындағы халық көп шоғырланатын аумақтарға 13 ауыз су бұрқағы орнатылды. Заманауи қондырғылар композициялық мәрмәр тастан жасалған әрі арнайы сүзгі орнатылған.
Ауыз су бұрқақтары сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарда көрсетілген талаптарға сәйкес қондырылды. Су құбыры жүргізіліп, орталық сумен жабдықтау желілеріне қосылған және арнайы су өлшегіш құралы орнатылған.
Ауыз су бұрқағы көктем-жаз мезгілдерінде пайдаланылатын болады. Күзгі- қысқы мерзімде су бұрқақтарына орталық құбырдан ысырма арқылы су беру тоқтатылады. Алдағы уақытта ауыз су бұрқақтарын күтіп-ұстау жұмыстары «Тұран» КММ-нің тарапынан жүргізілетін болады.
Абаттандыру жұмыстары жүргізілуде
Тұран ауданында тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандыру бағытындағы нақты шаралар атқарылуда. Аталған бастама аясында жалпы саны 32 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 19 балалар ойын алаңшасы мен 13 кешенді спорттық алаңша салу көзделген.
Бүгінгі таңда Гагарин көшесі 16, Спорт шағынауданы 3, Отырар шағынауданы 15, Диваев көшесі 142 «Б» және Рысқұлов даңғылы бойындағы 3-6 көшелерде балалар ойын алаңшаларының құрылысы белсенді түрде жүргізілуде. Аталған жұмыстар кезең-кезеңімен орындалып, нысандар жоспарланған мерзімдерге сай пайдалануға беріледі.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
