Шымкент қаласында Түркияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ. Осы мақсатта Гази университетінің ректоры Угур Унал бастаған делегация Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне келіп, филиалдың жұмысын ұйымдастыру мәселелерін талқылады,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған бастама Мемлекет басшысының білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және шетелдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында қолға алынып отыр.
Кездесу барысында филиалдың жұмысын ұйымдастыру және инфрақұрылымдық қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жаңа оқу орнының табысты қызмет атқаруы үшін барлық қажетті жағдай жасалатыны атап өтілді.
Шымкенттегі Гази университетінің филиалы білім сапасын арттыруға, халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы достық байланысты нығайтуға елеулі үлес қосады деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, 29 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев президент Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркияға ресми сапарының аясында 18 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.
«Енді Қазақстан мен Түркия арасындағы білім мен ғылым саласындағы стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Бұл – халықаралық білім кеңістігіндегі маңызды серпіліс», — делінген Ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарламасында.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ – 1937 жылы құрылған, еліміздің оңтүстік өңіріндегі педагогикалық кадрларды даярлайтын іргелі оқу орны.
Гази университеті Түркияның 1926 жылы негізі қаланған ең ірі әрі беделді оқу орындарының бірі болып саналады. «QS World University Rankings by Subject 2024» халықаралық рейтингінде «Білім беру және кадрларды даярлау» бағыты бойынша 36-шы орынға ие болған.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
