Еңбек жолындағы адалдық пен табандылық үлгісі

Шымкент қаласының тумасы Чередниченко Михаил еңбек жолын 1992 жылы «Шымкентмай» АҚ-ында автожүк тиегіш жүргізушісі ретінде бастап, кәсіби шеберлігін дамыта отырып, көптеген қызметтік белестерді бағындырды.

Михаил 1973 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 1988 жылы мектепті аяқтап, сол жылы Шымкент энергетикалық техникумына оқуға түсіп, 1992 жылы үздік аяқтаған. Сол жылы еңбек жолын «Шымкентмай» АҚ-ы көлік цехында бастады. Алғашында автожүк тиегіш жүргізушісі болып қызмет атқарған Михаил 1994 жылы слесарь-жөндеуші лауазымына ауысып, 2019 жылға дейін осы қызметте еңбек етті.

Кәсіби шеберлігі мен адалдығының арқасында 2019 жылы слесарь-бригадир қызметінде жұмыс істей жүріп, көлік цехы бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл лауазымда 2022 жылға дейін еңбек еткен Михаил қазіргі таңда автожөндеу тобының механигі болып жұмыс атқарады.

33 жылдық еңбек өтілі бар қызметкер отбасылы, үш баланың әкесі. Оның кәсібилігі мен еңбекқорлығы көптеген әріптестерге үлгі болып отыр.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».

Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

x

Check Also

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...

Шымкентте мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын меңгерді

AMANAT партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ...