Өндіріс саласында табанды еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен танылған азаматтардың бірі — Карабаев Саматулла.
Ол 1969 жылы 15 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам станциясында дүниеге келген. 1976 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепке барып, 1986 жылы орта білімін аяқтаған соң, сол жылы Жамбыл технологиялық институтының механикалық факультетіне оқуға түсіп, 1993 жылы жоғары оқу орнын тәмамдайды.
1987–1989 жылдары аралығында Кеңес армиясы қатарында әскери борышын абыроймен өтеген.
Еңбек жолын 2002 жылы «Шымкентмай» АҚ-ында слесарь-жөндеуші ретінде бастаған Саматулла мырза өзінің еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында қысқа уақыт ішінде кәсіби тұрғыда өсе білді:
2008 жылы — механик қызметіне ауыстырылды;
2010 жылы — экстракция цехының аға шебері болып тағайындалды;
2012 жылы — цех бастығының орынбасары қызметін атқарды;
2017 жылдан бастап — экстракция цехының бастығы ретінде ұжымды басқарып келеді.
Бүгінде Саматулла Карабаев — 23 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Ол тек кәсіби салада ғана емес, отбасы өмірінде де үлгілі азамат. Үш бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде бір немеренің ардақты атасы.
«Өз ісімді шын сүйемін. Осындай үлкен ұжымда еңбек ету — мен үшін үлкен мәртебе», — дейді Саматулла мырза.
Мұндай еңбек адамдары — ел экономикасының берік тірегі, жас мамандарға бағыт көрсететін нағыз өмір мектебі.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
