Нарманов Мейірбек Арынұлы – темір-бетон цехының басшысы, өндіріс саласында 47 жылдық еңбек өтілі бар, өз ісінің шебері. Жоғары кәсіби біліктілігі мен мамандығына деген адалдығының нәтижесінде әріптестері арасында зор құрмет пен беделге ие.
Еңбек жолын 1979 жылы «Чимкент резина-асбест комбинатында» (қазіргі «Чимкентшина») каландр цехының мастері қызметінен бастаған. Өзінің табандылығы мен жоғары іскерлік қабілетінің арқасында өндірістің түрлі сатыларында қызмет атқарып, 6-разрядты слесарь, газ жабдықтарының слесары, аға мастер, цех бастығының орынбасары, учаске бастығы секілді жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды.
1997–2006 жылдар аралығында «Қайнар» акционерлік қоғамында ауысым бастығы, ал 2006–2013 жылдары «Төлебай май» ЖШС-де цех бастығы қызметін атқарды. Әр салада кәсіби қолтаңбасын қалдырған Нарманов Мейрбек Арынович 2013 жылдан бері «Корпорация «Береке А» ЖШС-нің темір-бетон бұйымдары (ЖБИ) цехының басшысы лауазымын атқарып келеді.
Жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, әріптестеріне деген сыйластығы, талапшылдығы мен жауапкершілігі – оның өндірістегі табысының негізі. Ұжым ішінде үлкен беделге ие. Ол тек білікті басшы ғана емес, сонымен қатар жас мамандарға бағыт-бағдар көрсететін тәжірибелі тәлімгер ретінде де танымал.
Мейірбек Арынұлы – еңбегімен елге үлгі болатын өндіріс ардагері. Оның «Корпорация «Береке А» ЖШС-нің дамуына қосқан елеулі еңбегі мен кәсіби үлесі ерекше құрметке лайық.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
