2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Бұл бастама ел экономикасының негізін құрайтын техникалық және жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыруға бағытталған. Солардың бірі – токарь мамандығы.
Токарь – бұл металл мен өзге де материалдарды өңдеудің күрделі тәсілдерін меңгерген білікті маман. Оның негізгі міндеті – жоғары дәлдікпен әртүрлі бөлшектерді дайындау, оларды қажетті өлшемге келтіру және сапалы өңдеу. Бұл мамандық өндірістің әр саласында – машина жасау, құрылыс, энергетика мен көлік салаларында кеңінен қолданылады.
Бүгінде токарь мамандарының біліктілігі мен тәжірибесі жаңа технологиялармен үйлесіп, заманауи өндіріс талаптарына сай жетілдірілуде. Автоматтандырылған жүйелер мен сандық басқару құрылғыларымен жұмыс істеу – олардың кәсіби дағдыларының бір бөлігіне айналды.
Токарь мамандығы – табандылықты, ұқыптылықты және техникалық ойлау қабілетін талап ететін жауапты қызмет. Бұл мамандық иелері ел индустриясының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
2025 жылы жұмысшы мамандықтарының қадірі арта түсіп, токарь сияқты кәсіптердің қоғамдағы беделі жаңа деңгейге көтеріледі деген сенімдеміз.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
