Президент Жолдауы — дамудың жол картасы

Бүгінгі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жолдауы – ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды құжат. Жолдауда көтерілген мәселелер еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени және экологиялық салаларындағы өзекті проблемаларды қамтиды.

Ең алдымен, цифрлық даму мен білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуі құптарлық. «Digital Qazaqstan» тұжырымдамасының әзірленуі және «Qazaq Digital Mektebi» шағын жинақты мектеп үлгісін ұсынуы – елімізді цифрлық трансформация арқылы халықаралық аренада бәсекеге қабілетті етуге бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, Alatau City сияқты толық цифрланған қалаларды дамыту – елде цифрлық инфрақұрылымды нығайту стратегиясының нақты көрінісі.

Президенттің әлеуметтік салаға қатысты сындары да өзекті. Үкіметтің кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен алаяқтыққа жол бергені, сондай-ақ қаражатты тиімсіз жобаларға жұмсауы – мемлекет басқаруында тиімділікті арттыру қажеттілігін көрсетеді. Осы тұрғыда салықтан түскен әр теңгенің халық игілігіне жұмсалуын қатаң қадағалау ұсынысы маңызды.

Медициналық және ғылыми саладағы мәселелер де жолдауда кеңінен қозғалды. Президент медициналық қызметтердің сапасын бақылау жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті, ал аграрлық ғылым мен ауыл шаруашылығын қолдаудағы жаңа шаралар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, жер қойнауының заманауи картасын жасау, екінші және үшінші АЭС құрылыстарын жоспарлау – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің алғышарттары болып табылады.

Жолдауда мемлекеттік басқаруды жетілдіру және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері де көтерілді. Президент бір палаталы парламент құру, мемлекеттік мүлікті басқару заңын жаңарту, халықаралық саудада әділдікті қамтамасыз ету – экономикалық тұрақтылық пен инвестициялық тартымдылықты арттырудың маңызды қадамдары.

Сонымен қатар, мәдениет, жұмысшы мамандықтары және шетелдік мамандарды тарту сияқты мәселелер қоғамның рухани және кәсіби дамуына бағытталған. Мәдениет қайраткерлерінің жаңа заман талабына бейімделуі, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, шетелден мықты мамандарды тарту – елдің дамуы үшін стратегиялық маңызды.

Экологиялық қауіпсіздікке де жолдауда назар аударылған. Үкімет Каспийді сақтау бағдарламасын әзірлеуге, судың ысырап болмауын қадағалауға, және экологиялық ағарту ісін енгізуге міндетті. Бұл шаралар табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен тұрақты даму үшін маңызды.

Жалпы, Президенттің жолдауы Қазақстанның дамуының барлық негізгі бағыттарын қамтып, цифрлық даму, әлеуметтік әділдік, медициналық қызмет сапасы, экологиялық қауіпсіздік, мәдениет, білім беру және инвестициялық ахуалды жақсарту сияқты өзекті мәселелерге нақты ұсыныстар береді. Бұл құжат елдің тұрақты дамуы мен қоғамның жаңғыруына негіз болады.

Болашақ педагогтер даярланатын Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ұжымы да Президент Жолдауында берілген тапсырмаларды орындауда белсенділік танытып, ел болашағының жарқын болуы үшін қызмет етуде. Қазір мықты мұғалім тек мектептің жүрегі емес, ол мемлекет дамуының негізгі тірек күшіне айналуда. Себебі, батыр да, ақын да, дана да, ел басқарар әкім де, барлығы мектепте оқып, қалыптасады, білім мен тәрбие алады. Осы тұрғыдан алғанда болашақ ұстаздар даярланатын іргелі оқу ордасына артылар жауапкершілік те еселеніп, жұмыс та жандана түспек.

Масалиева Жанар Амалбайқызы,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...