Теміржол саласының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан тәжірибелі мамандардың бірі — Исабеков Бауыржан. Ол бұл салада 43 жыл 7 ай бойы тынымсыз еңбек етіп келеді.
Өзінің еңбек жолын Түркістан локомотив пайдалану депосында қарапайым кезекші қызметінен бастаған ол бүгінде жөндеуді бақылау бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқаруда. Жауапкершілігі мол, қажырлы еңбекті талап ететін бұл қызметте ол теміржол көлігінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуіне зор үлес қосып келеді.
Ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі, өз ісіне деген адалдығы мен кәсіби біліктілігі жас мамандарға үлгі боларлықтай. Ол тек өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар теміржол саласында қалыптасқан еңбек дәстүрлерін ұрпаққа үйретіп жүрген білікті тәлімгер.
Осындай адал еңбек иелері — еліміздің теміржол саласының негізін қалаушылар мен алға сүйреушілері.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
#ЖұмысшыМамандықтарЖылы2025
#ГодРабочихПрофессий2025
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
