Президент геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді маңызды міндет ретінде атады — Xnews — ақпарат агенттігі

Президент геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді маңызды міндет ретінде атады

«Елімізде ауқымды аэро-геофизика зерттеулері әбден ескірген.

Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес.

Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу керек. Оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған жөн. Жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллектіні енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажет.

Геологиялық барлау саласы ауқымды инвестицияға мұқтаж. Үкімет бұл өзекті мәселені ескеру керек. Геологиялық барлау және жер қойнауын игеру саласындағы реформалардың заң жүзіндегі және іс жүзіндегі рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтау керек».

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген еді.

Онда Премьер-министр жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары мен инфрақұрылымды жаңғырту, геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту, заманауи өңдеу технологияларын енгізу және ғылыми-зерттеу базасын дамыту қажеттігін атап өтті.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанның металлургия құрылымында сирек және жерде сирек кездесетін металдар өндіру 2,4%-ды құрайды. 2018 жылдан бері саланы мемлекеттік қаржыландыру 67 млрд теңгені құрап отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда бериллий, тантал, ниобий, скандий, титан, рений, осмий өндірілсе, өндіру барысында висмут, сурьма, селен және теллур алынады. Сонымен қатар галлий мен индий алу технологиялары бар.

Саланың болашағы зор бағыттарына батарея материалдарын, ыстыққа төзімді қорытпаларды өндіру және қайта өңдеу, жартылай өткізгіш материалдар өндірісі және тұрақты магниттерді қайта өңдеу жатады.

Жалпы, Үкімет аталған саланы одан әрі дамыту үшін шаралар қабылдауда. 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар жүзеге асырылуда. «Жезқазғанредмет» РМК сирек металдар цехын жаңғыртуға қаражат бөлінді. Инвесторларды тарту үшін геологиялық ақпаратқа, оның ішінде сирек және жерде сирек кездесетін металдар бойынша қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр күш-жігерді жер қойнауын тереңдетіп зерттеуге, техногендік минералдық түзілімдерді есепке алу мен мемлекеттік теңгерімге қоюды жеделдетуге, аккумуляторлар мен оларды қайта өңдеуге арналған материалдар өндірісін дамытуға, сондай-ақ ыстыққа төзімді никель қорытпаларын белсенді өндіруге жұмылдыруды тапсырды. Бұдан бөлек, «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» РМК базасында сирек және жерде сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын құру жөніндегі жұмысқа назар аударылды.

Анықтама: қазіргі заманғы өнеркәсіп үшін сирек және жерде сирек кездесетін металдар өндірісін дамыту өте маңызды. 2024 жылдың деректері бойынша шикізаттың осы түрінің әлемдік нарығы 1,6 млн тоннаны құрады. Бұл ретте 2023-2024 жылдары сұраныстың орташа жылдық өсуі 30%-ға жетті.

Яндекс.Погода
x

Check Also

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды

Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің ұстанымын Ұйымдағы дағдарыстың басты себептерінің бірі ретінде атады – Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы ...

Президент бүгінгі көшбасшылардың бойынан табылуға тиіс қасиеттерге тоқталды

– Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп ...