Полицейлер қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салатын жаңа заңнамалық нормаларды халыққа түсіндіру бойынша белсенді жұмыстар атқаруда. Еске сала кетсек, жаңа талаптар 12 шілдеден бастап күшіне енген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласы полиция департаменті ЖПҚБ учаскелік инспекторлары «Көршілер бақылауы» ПИК және тұрғындармен кездесу өткізді. Онда полицейлер түрлі қылмыс мен құқық бұзушылықтардың, оның ішінде ұрлықтың алдын алу, тосқауыл қою мақсатындағы «Көршілер бақылауы» бағдарламасын енгізудің тәртібі мен тиімділігін түсіндірді.
Олар көпқабатты үй тұрғындары өз аулаларына сырттан келген күмәнді жандар, өздері куә болған жағдайлар жайлы полицияға жедел хабарласа, дереу шаралар қабылданып, ұрлық та, түрлі қылмыс та азаятынын айтты.
Полиция қызметкерінің айтуынша, кейбір қылмыскерлер әдейі бет-жүзін маскамен жауып, танылудан қашады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін заң қабылданып отыр. Барлық шаралар ең алдымен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Құқық бұзушылық болып адамның бет-жүзін визуалды тануға, соның ішінде бейнебақылау камераларымен анықтауға кедергі келтіретін дәрежеде жабатын киімдерді кию саналады.
Тыйым мына жағдайларға қолданылмайды: ауа райына байланысты; медициналық көрсетілімдерге; Қазақстан Республикасының заң талаптарын орындау кезінде; қызметтік және еңбек міндеттерін атқару барысында; азаматтық қорғау саласындағы қызметке; спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысқанда.
Шектеу тек бет-жүзді толық жауып, тұлғаны анықтауға кедергі келтіретін киімдерге қатысты. Олар: балаклава, маска және никаб. Ал бет-жүзді жаппайтын діни киімдер (хиджаб, шейла, химар, аль-амира және т.б.) бұл норманың аясында емес.
Жауапкершілік шаралары профилактикалық сипатқа ие. Негізгі екпін азаматтарды құқықтық тұрғыда ақпараттандыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылған.
Мысалы, «Ұрлық түбі — қорлық» демекші 2022 жылы хиджаб киген қыз бірнеше мәрте ұрлық жасаған үшін қамауға алынды.
Елорда полицейлері бірнеше мәрте ұрлық жасаған қызды Қарағандыда ұстады. Жас қыз Қазақстан аумағында бірқатар ұрлық жасады деп күдіктелуде.
Тамыз айында елорда базарының аумағында болған кезде сатып алушының сөмкесінен 930 мың теңгесін ұрлап кеткен. Жәбірленушінің айтуынша, ұрлық алдында ол жеке қажеттіліктері үшін несие алған.
Күдікті айналасындағыларға күдік тудырмау үшін хиджаб киіп, әрекет еткен.
Тергеу барысында ұсталған азаматшаның елдің басқа да аймақтарында ұрлық жасағаны анықталған еді.
Түсіндіру жұмыстары алда да жалғасады.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
