Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында «Оңтүстік» индустриялық аймағындағы техникалық кремний шығаратын «Ferrum-Vtor» ЖШС кәсіпорнына барды.
Аталмыш кәсіпорын бүгінде жыл сайын 20 000 тонна өнім өндіріп, 300 адамға жұмыс орнын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Жұмыс барысымен танысқан қала басшысы компания басшылығымен мемлекеттік қолдау шаралары туралы сөз қозғады. Сонымен қатар жұмыс сапасын арттыру мақсатында қосымша екі пешті іске қосу мүмкіндігін талқылады. Егер екі пеш іске қосылса бұл өндірісті жылына 40 000 тоннаға дейін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар, қала басшысы алюминий қорытпаларын шығаратын «ЦветЛит» ЖШС қызметімен де танысты. Бұл зауыттың жылдық қуаты 24 000 тонна. Онда 104 жаңа жұмыс орны құрылды. Әкім «Alu Tech» ЖШС цехтарын да да болды. Бұл кәсіпорын алюминий қалбыры мен кабельдік өткізгіш өнімдерін өндіреді. Мұнда жылына 12 000 тонна алюминий қалбыры және 5 600 тонна кабельдік өнім шығарылады.
Шаһар басшысы одан әрі «Сәуле» шағынауданында тұрғындарға шұғыл көмек көрсету және жедел әрекет ету үшін салынып жатқан сервистік орталықтың құрылысын барып көріп, жұмысын тексерді. Жұмыс барысын бақылаған басшы мердігерлерге жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, қала басшысы Тұран ауданында А‑2 айналма жолының құрылысын бақылап, 2021 жылы пайдалануға беру жоспарланған «Ақжар» 110/35/10 кВ электр тарату станциясына барды. Айта кету керек бұл жерде қала әкімінің тапсырмасы бойынша барлық жұмыс аяқталып, мамандар жабдық орнату жұмысын жүргізіп жатыр.
«Стратегиялық маңызды нысан жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс. Станция «Құрсай» шағынауданының тұрғындарын, әуежайды және көлік-логистикалық орталық кәсіпорындарын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етеді»-деді, қала басшысы.
Кезекті аралау тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында «Айкөл» тұрғын алабына апаратын 17 км жолды асфальттау барысын тексеру барысымен аяқталды. Ал қалалық зообақ инфрақұрылымының жағдайын бағалаған әкім мекеме басшылығына тазалық сақтап, аумақты ретке келтіруді тапсырды. Сонымен қатар көрсеткіш пен ақпараттық стендтерді жаңартып, қосымша көгалдандыру жұмысын жүргізу қажеттігін атап өтті.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі