Шымкент қаласының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасын орындау шеңберінде интернет кеңістігіндегі құқыққа қарсы контентке жүргізілген мониторинг нәтижесінде заңсыз есірткі және психотроптық заттарды жарнамалау фактілерін анықтады.
Мониторинг барысында белгісіз тұлғалардың Telegram мессенджерінде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды насихаттау, жарнамалау және сату мақсатында құрылған арналарды пайдаланып келгені белгілі болды.
Аталған құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында қала прокуратурасының бастамасымен «Кибернадзор» жүйесі арқылы 18 Telegram арнасы бұғатталды.
Шымкент қаласының прокуратурасы интернеттегі есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі түрде жалғастыруда.
Еске салсақ, Мемлекет Басшының сөзінше, «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет.
«Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құрылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы даланың конституциясы деуге болады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі деді президент.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
