Еңбекпен өрілген өмір жолы

Еліміздің өндірістік дамуында маңызды рөл атқарып келе жатқан кәсіби мамандардың еңбегі – ерекше құрметке лайық. Солардың бірі – электротехника саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп келе жатқан Сәрсенбаев Ерболат. Ол 1985 жылдың 21 тамызында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық ауылында дүниеге келген. Білім жолын ауыл мектебінен бастап, Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжінде «Агроном» мамандығы бойынша білім алып, кәсіби өмірге аяқ басады.

Еңбек жолын 2006 жылдың 18 шілдесінде Кентау трансформатор зауытында бастаған жас маман өзінің еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында аз уақыт ішінде көзге түсіп, 2010 жылы «Жылдың үздік қызметкері» атанды. Бұл алғашқы марапат оның кәсіби өсуіне жол ашқан елеулі белес болды. Қазіргі уақытта Ерболат Жанәліұлы «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында намотчик (орамдаушы) қызметін абыроймен атқарып келеді. Ол еңбек еткен жылдары кәсіпорын дамуына қомақты үлес қосып, бірнеше мәрте марапаттарға ие болды.

Маманның кәсіби жолындағы басты ерекшеліктері – жоғары еңбек мәдениеті, дәлдік пен ұқыптылық, мамандығына деген адалдық. Ол тек орындаушы ғана емес, өндірісті жетілдіруге бағытталған бастамаларымен де танылып жүр. Соның дәлелі ретінде, оның енгізген тиімді ұсыныстары нәтижесінде зауыттағы еңбек өнімділігі 25 пайызға артқанын атап өткен жөн. Бүгінде Сәрсенбаев Ерболат – көпбалалы отбасының тірегі, төрт ұл мен екі қыздың ардақты әкесі. Отбасына деген жауапкершілігі мен жұмысына деген адалдығы жалпы оның өмірлік ұстанымдарының айқын көрінісі.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».

Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.

Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.

Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.

Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы

x

Check Also

Тағы да бір кезекті ота, тағы да бір өмір

Дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ. © Ибн Сина (Авиценна). Жұмысшы мамандықтар жылы: дәрігер – өмір сақшысы. 2025 ...

Аграрлық сектордың жаңа бағыты: Қаржыландыру, цифрландыру, инвестиция және экспорт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында агроөнеркәсіп кешенін кешенді жаңғыртудың жаңа кезеңін таныстырып, саланы қаржыландыру, цифрландыру, инвестиция тарту ...