Өткен жылы бірқатар өңірлерде жеке тұлғалардың пайдасына елден бөлініп шығуға шақыру фактілері орын алған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабының 2-тармағына сәйкес Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағына қолданылады. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 180-бабында Қазақстан Республикасының бiртұтастығы мен тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуiн бұзуды не мемлекетті ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты дайындау, шақыру көзделген, осындай мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында сақтау немесе тарату Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Азаматтар азаматтығына байланысты құқықтарға ие және міндеттер атқарады.
Кейбір адамдар өз әрекеттерін «сөз бостандығы» аясында ақтауға тырысады. Алайда бұл ұстаным — құқықтық жағынан негізсіз. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабында осылай тайға таңба басқандай көрсетілген. Яғни, ешбір құқық — абсолютті емес. Әсіресе, елдің қауіпсіздігіне, бірлігіне және тәуелсіздігіне қарсы бағытталған әрекеттер — заң аясынан тыс.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы ел бірлігі мен тұтастығын сақтауға міндетті. Қандай да бір аумақтың бөлінуі туралы ашық айту, насихаттау немесе мұндай материалдарды тарату — бейбіт елдің болашағына қауіп төндіретін әрекет. Мұндай қылмыстарға кешірім болмайды.
Сонымен қатар жоғарыда аталған баптың ескіру мерзімі жоқ (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 39-бабының 1-бөлігі және 71-бабы 6-бөлігінің 1-тармағы).
Қорытындылай келе айтарымыз, мемлекетіміздің аумақтық тұтастығы — әрбір азаматтың өмір сүруінің кепілі; елден бөлінуге шақыру — ауыр қылмыс болып табылады және ол үшін қатаң жаза қарастырылған; құқықтар мен бостандықтар Конституциямен қорғалғанымен, олар өзге азаматтардың мүддесіне және мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуге тиіс.
Қазақстанның тәуелсіздігі — ата-бабамыздан қалған аманат. Ал аумақтық тұтастық — сол тәуелсіздіктің негізі. Әрбір саналы азамат бұл құндылықтарды қорғауға және оны насихаттауға міндетті.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
