Шымкент – «Кітап оқитын ұлт» жобасына алғашқы болып қосылған өңірлердің бірі

Шымкент қаласы – елімізде алғашқылардың бірі болып «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасына ресми түрде қосылды. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деп атап өтіп, кітап оқуды дамыту мәселесіне ерекше назар аударған болатын.

Президент бастамасын қолдаған Мәжіліс Төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жуырда республикалық деңгейде «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасының басталғанын ресми түрде жариялады. Бұл маңызды жоба алғаш болып енгізілетін өңірлер қатарында Шымкент қаласы, сондай-ақ Қарағанды және Қостанай облыстары бар.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аталған бастамаға қолдау білдіре отырып, тұрғындарды белсенді қатысуға шақырды:

«Шымкент – тек республикалық маңызы бар мегаполис қана емес, ол – тарихы терең, мәдениеті бай, білім саласының дәстүрі қалыптасқан шаһар. Сондықтан дәл осындай маңызы зор жобаның біздің қалада жүзеге асуы – заңдылық. Кітап – білім мен шабыттың сарқылмас қайнары. Ол көкжиегіңді кеңейтеді, тұлғаңды қалыптастырады, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әрқайсыңызды осы игі бастаманы қолдап, белсенді қатысуға шақырамын», – деді қала басшысы.

Жобаның мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және дәріптеу.

Пилоттық жоба аясында қала тұрғындары келесі номинациялар бойынша байқауға қатыса алады:
• «Кітап оқитын мектеп»
• «Кітап оқитын колледж»
• «Кітап оқитын университет»
• «Кітап оқитын педагог»
• «Кітап оқитын әулет»
• «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер»

Қатысушыларға қойылатын ортақ талап – жоба барысында кемінде 15 кітап оқып, өз санаты бойынша байқауға қатысу. Жеңімпаздар арнайы комиссия шешімімен анықталып, құрмет грамоталары және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Жобаны кім жүзеге асырады?

Жобаны «AMANAT» партиясы «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асыруда. Бас демеуші – ALAGEUM ELECTRIC компаниясы.

Жобаның маңыздылығы неде?

«Кітап оқитын ұлт» – бұл бір реттік акция емес, ұлттың мәдени деңгейі мен ойлау өрісін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді жобалардың бірі. Жастардың интеллектуалдық әлеуетін көтеріп, кітап оқу арқылы адам капиталын дамыту – жобаның басты мақсаты.

Жоба арқылы тек оқушылар мен студенттер ғана емес, педагогтер мен мемлекеттік қызметшілер, тұтас отбасылар да қамтылады. Бұл – қоғамның әрбір мүшесін кітаппен байланыстыруға арналған кешенді қадам.

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

x

Check Also

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...

Шымкентте мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын меңгерді

AMANAT партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ...