Шымкент: 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына жүйелі дайындық жүргізілуде

Шымкент қаласында 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай қарқын алуда. Қала әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіліп, негізгі нысандардың қысқа әзірлік деңгейі кезең-кезеңімен пысықталуда.

Қаладағы басты энергия көзі — «3-Энергоорталық» АҚ (ЖЭО-3) нысанында биылғы жылыту маусымына дайындыққа 743,5 млн теңге бөлініп, қазірге дейін оның 87,3%-ы игерілді. Сонымен қатар, қаланың 27 бөлек орналасқан жылу қазандығының 23-і және 17 сорғы станциясының 13-і толық дайын күйге келтірілді.

Жалпы ұзындығы 838,6 шақырымды құрайтын қалалық жылу желілерінің 37 пайызы тозған. Қазіргі таңда барлық желілер гидравликалық қысыммен тексеріліп, 98 ақау анықталған. Оның 90-ы жойылып, қалғандары 1 қыркүйекке дейін жөнделетін болады.

Бүгінде 1,5 млрд теңгеге «АДЦ-160 Гкал» қазандығын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл – жалпы құны 3,1 млрд теңгелік перспективалық жоба. Сонымен қатар, Гоголь көшесі мен Адырбеков көшесі бойындағы магистральдық жылу желілерін қайта құру жобасы (құны – 1,9 млрд теңге) түзету кезеңінде тұр.

Қаладағы 2154 көпқабатты тұрғын үйдің 69%-ы (1480 үй) қысқа дайын. Ал 476 бюджеттік мекеменің 464-і (97,4%) жылу маусымына әзір. Әсіресе білім мен мәдениет саласындағы нысандар 100% дайындық танытып отыр.

Аудандар бөлінісінде:
• Абай ауданы – 78% дайын,
• Әл-Фараби – 62%,
• Еңбекші – 79%,
• Қаратау – 70%,
• Тұран – 72%.

Шымкент қаласының жалпы көмір қажеттілігі – 23,3 мың тонна. Қазіргі таңда оның 55%-ы (12,8 мың тоннасы) қамтамасыз етілген. Бюджеттік мекемелерге қажетті 4,8 мың тонна көмірге толық келісімшарт жасалып, тасымалдау кестесі бойынша жеткізілуде.

Халықтың қажеттілігі 18,5 мың тонна деп бағаланса, бүгінде 8 мың тонна көмір сатып алынған. Шымкентке биыл мамырдан бері 57,6 мың тонна көмір жеткізілген. Қаладағы 6 темір жол тұйығында жұмыс істейтін 7 өңірлік оператордың қоймаларында 41,5 мың тонна көмір қоры бар. Бағалар 21 500–22 250 теңге аралығында тұрақты.

Жылу беру маусымы кезінде туындайтын апаттық жағдайларға жедел әрекет ету үшін «Қуатжылуорталық-3» МКК арнайы кезекшілікпен жұмыс жүргізеді.

Шымкент қаласында жылу маусымына дайындық – тек техникалық тексеру емес, бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруінің кепілі. Билік тарапынан қолға алынған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қыс мезгіліне дайындық кезең-кезеңімен толық қамтылуда.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/wvYz091H3rQ?si=SXDLBLecJtDza21J

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...