Түркістандық көкпаршылар ел чемпионы атанды

Алматы облысының Талғар ауданында 16-23 тамыз күндері көкпардан XIII чемпионаты аяқталды. Байрақты бәсекеге Алматы мен Шымкент қалаларымен қатар Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Ұлытау сынды облыстардан іріктелген 13 жасөспірім көкпаршылар командасы қатысып, 7 күн бойы өзара мықтыны анықтады.

Ақтық сында Жамбыл облысының жігіттерімен серке тартысып, ойынның негізгі уақытында 7:7 есебімен тең түскен Түркістандық көкпаршыларға қосымша уақытта Жетісай аудандық «Ұлттық спорт клубының» мүшесі, Түркістан облысының көкпардан жасөспірімдер құрамасының мүшесі Ерболат Айтуған салған «Алтын салым» жеңіс сыйлады. Осылайша есепті 8:7-ге жеткізген Түркістан облысының құрамасы ел чемпионы атанды.

Жастайынан ат құлағында еркін ойнап, көкпар, бәйге, аударыспақ сынды ат спорты ойындарына әуестеніп өскен Ерболат Жомартұлы аталмыш чемпионатта 9 салым салып, тақымы мықтылардың көшін бастады. Үздік деп танылып, 200 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Айта кетейік, бұған дейін жерлестеріміз Шымкент қаласының құрамасын 14:1 есебімен, Атырау облысының құрамасын 17:1 есебімен жеңген болатын. Бұл екі кездесуде де жетісайлық Ерболат қарсыласты қапы қалдырып, 3 салымнан салған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Бірлік секторында инженерлік инфрақұрылымды дамыту жобалары іске асуда

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықпен көшпелі кездесуін Бірлік секторының тұрғындарымен өткізді. Кездесу Ө.Жәнібеков атындағы №27 жалпы орта мектепте ...

Түркістан облысында «Браконьер» жедел профилактикалық шарасы өтіп жатыр

Республика көлемінде 20 қазан мен 19 қараша күндері аралығында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің ...