Абдуллаев Нуржан 1975 жылғы 17 ақпанда дүниеге келген. Орта білімін Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекенінде аяқтаған. Жоғары білім алған. Еңбек жолын Кентау трансформатор зауытында бастаған. Өзінің еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында бірқатар ірі импортты алмастырушы кәсіпорындардың – Орал трансформатор зауыты мен Петропавл электротехникалық зауытының іске қосылуына белсене атсалысты. Кейін аталған кәсіпорындарда өндіріс жөніндегі директор қызметін атқарған.
Өзінің тәжірибесі мен көшбасшылық қабілеттері арқылы отандық электротехникалық өнеркәсіптің дамуына және өндірістік инфрақұрылымның кеңеюіне елеулі үлес қосты. Қазақстандағы электротехникалық саланың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан.
Қазіргі уақытта «AsiaTrafo» зауытындағы өндірістік цехты басқарады, онда жоғары кернеулі қуат трансформаторларына арналған металлқұрылымдарды дайындау процесін қадағалайды. Өнеркәсіп саласында еңбек етуді жалғастырып, «AsiaTrafo» кәсіпорнында өндірістік үдерістерді дамыту, жұмысшылар арасында техникалық құзыреттерді жетілдіру және тәлімгерлікпен айналысады. Абдуллаев Нуржанның басшылығымен зауыттар үшін 30-дан астам маман даярланды. Орал, Петропавл және Шымкент қалаларындағы үш трансформатор зауытының өндірісін іске қосу кезінде жоғары кәсіби шеберлігін көрсетті.
Мемлекеттік наградалары:
– «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісі
– «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісі
20 жылдан астам уақыт бойы «Alageum Electric» компаниясында қызмет атқарып келеді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.
Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.
Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
