Шымкентте медицина ұйымдарында полиция бекеттері ашылды — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте медицина ұйымдарында полиция бекеттері ашылды

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы мен Полиция департаментінің ұйымдастыруымен алты медициналық мекемеде полиция бекеттері жұмыс істей бастады. Олардың қатарында №1 клиникалық аурухана, №2 және №3 қалалық ауруханалар, Перинаталдық орталық, Қалалық перзентхана және Балалар ауруханасы бар.

Полиция бекеттерін ұйымдастыру оқиғаларға жедел жауап беруге, шиеленістердің алдын алуға, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шара медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғаларының көбеюіне байланысты қабылданды. Мемлекет басшысы қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөнінде тапсырма бергенін естеріңізге саламыз.

Сонымен қатар, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы», «Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығы» және «Хадиша» емханасында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырып, медициналық мекемелердегі тәртіпті сақтау мақсатында Шымкент қаласы полиция департаментіне бақылауға алу туралы хат жолдады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте ер адам науқасты соққыға жығып, ауруханада полицияға қарсылық білдірген. Нәтижесінде зардап шеккендердің бірі жабық бас ми жарақатын алды.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде таралды. Кадрларда ер адамның дөрекі сөздер айтып, науқасты ұрып, полиция қызметкерін итеріп жатқаны айқын көрінеді. Сонымен қатар, ол ұлтаралық араздықты қоздыратын сөздер айтады.

— 9 тамыз түнгі уақытта № 1 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде пациенттерге ілесіп келген азаматтардың арасында жанжал шықты. Жанжал барысында бір азамат жабық бас ми жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды. Оның жағдайы тұрақты деп бағаланады. Оқиға туралы дереу полицияға хабарланды, — деп хабарлады қала денсаулық сақтау басқармасы.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

— Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық жағдайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеудің барысы полиция басшылығының бақылауында, — деді Шымкент полиция департаментінен.

Яндекс.Погода
x

Check Also

Шымкент қаласында «Таза аула» акциясы: 55 мыңнан астам адам тазалық жұмыстарына қатысты

2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» ...

Шымкентте «Халықаралық волонтерлер жылы – 2026» аясында жастар кездесуі өтті

Шымкент қаласында еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ өткізді. ...