2025 жылғы 1 тамызда Шымкент қаласында Қытай Халық Республикасының ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының бірі – «Tianjin Youfa Steel Pipe Group Co. Ltd.» компаниясының өкілдерімен ресми кездесу өтті,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Шымкент қаласында түрлі диаметрдегі түзу жіксіз болат құбырларын өндіретін зауыт салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Жобаның жалпы қуаттылығы жылына 200 мың тонна өнім өндіруді көздейді. Сонымен қатар, шамамен 170 жаңа тұрақты жұмыс орны ашу жоспарлануда.
«Tianjin Youfa Steel Pipe Group Co. Ltd.» – болат құбырларын өндіру саласында жаһандық көшбасшы компаниялардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда кәсіпорында 290 өндірістік желі жұмыс істейді, ал өнімдері әлемнің 100-ден астам еліне, соның ішінде Еуропа, Америка, Таяу Шығыс, Азия және Африка өңірлеріне экспортталады.
Шымкент қаласының әкімдігі жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге, оның ішінде қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және шетелдік инвесторларға тиісті жағдай жасауға дайын екенін білдірді.
Аталған бастама өңірдің индустриялық-инновациялық әлеуетін нығайтып, жаңа технологияларды тартуға және қосымша жұмыс орындарын құруға оң ықпал етпек.
Анықтама. Tianjin Youfa Steel Pipe Group Co., Ltd. 2000 жылдың 1 шілдесінде құрылды. 20 жылдан астам дамудан соң 13 зауытта 9 000-ға жуық жоғары білікті қызметкерлер мен 293 өндірістік желіге ие болды.
2006 жылдан бері 17 жыл қатарынан Қытайдың 500 үздік кәсіпорны және Қытайдың 500 үздік өндірістік кәсіпорнының қатарында.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
