Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Осыған орай Шымкент қаласының әкімдігі бірқатар маңызды жобаларды қолға алды. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж басшылары басқосқан көшпелі-брифингте айтқан еді.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Шымкент қаласының арнайы өңірлік жоспары дайындалып, Үкіметтің жеті негізгі бағытына сай шаралар кешені іске асырылатынын мәлімдеді. Жалпы жоспар 6 бөлімнен және 59 тармақтан тұрады.
– Қалада 39 колледжде 49 780 студент білім алуда. Олардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтарын игеріп жатыр. 2024-2025 оқу жылында республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 11 500 гранттың 67,5 пайызы осы салаға бағытталған. Бұл жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар 53 талапкер жұмыс берушілердің тапсырысымен оқуға қабылданып, бизнестің есебінен тегін білім алуда, – дейді Сәрсен Абайұлы. – Студенттердің жатақханамен қамтылу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Жоғары оқу орындарының жатақханаларында студенттердің сиымдылығы – 10 009 орынды құрайды. Қазір жатақхана тапшылығы мәселесі жоқ. Алайда, халық санының көбеюіне байланысты 2025-2029 жылдарға 5 мың орынды жатақханалар салу жоспарланған.
Жұмысшы мамандықтарды дамыту ел экономикасының тұрақты дамуы мен болашақ ұрпақтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға маңызды үлес қосары сөзсіз. Шымкент қаласының бұл бағыттағы бастамалары өз нәтижесін беріп, еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікті арттыруға серпін беретіні анық.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», — деді президент. Яғни қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс.
Сондай-ақ Президент бұдан былай мектептерде және жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылық негіздері оқытылатынын айтты. Өйткені цифрлық технологиялардың дамуымен қатар алаяқтық деректері көп тіркеліп жатыр. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Бұл азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді деді мемлекет басшысы.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
