Елде 770-тен аса колледж бар. 500 мыңнан артық студент білім алады. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің басқа деңгейден ерекшелігі — тәжірибеге негізделген: тәжірибе — 60%, ал теория — 40%.
Статистикаға сүйенсек, 70%-дан астам студент жұмысқа орналасқан. Жұмыс берушінің талабына сәйкес білім беру кәсіби стандарттарға сәйкестендірілген.
– 70 іс-шараның ішінде басымдық берілген бағыттың бірі – осы кәсіби бағдарды жүйелеу. Өңірлердегі жаңа мамандықтар атласы аясында жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ мектеп оқушылары 100% кәсіби бағдар диагностикасынан өтеді. Кімнің, неге икемі бары анықталады, — дейді «Талап» коммерциялық емес АҚ басшысы Санжар Тәтібеков.
Айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен «Үлкен маман» деген жоба жүзеге асып жатыр. Еңбек министрлігінің «Мансап компас» бағдарламасы қолға алынған.
— Шамамен қазір 6000-ға жуық кәсіби бағдар жүргізетін маман бар. Бірақ, оның мектептердегі жұмысын жүйелеу қажет. Сондықтан мектептерде кәсіби бағдар аясында профильдік класстар ашу көзделген. 1000-ға жуық профильдық класс ашылмақ. Сондай-ақ «Талапкер» деген үлкен жоба бар. Біздің басты мақсатымыз — кәсіби бағдар көрсету арқылы мектепте де, колледжде де балаларды дұрыс бағыттап, заманауи мамандықтарға икемдеу, — дейді Санжар Тәтібеков.
Жуырда жұмыспен қамту барысы қалай жүреді деген жаһандық есеп шыққан. 2030 жылға дейін әлемде 60% жұмыс беруші цифрлық құзыретке басымдық беріп, трансфармация жасайды.
– Жасанды интеллекті біздің кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде жүзеге асырылады деген ойдамыз. Мысал ретінде Астананың политехникалық колледжінде өз «Мета аватарын» жасап, балаларға түсіндіріп жатқан педагогтеріміз бар. Сондай элементтер еңгізіледі, — дейді Санжар Тәтібеков.
Осы жерде бір түйткілге ерекше мән беру керек. Колледжердегі мамандарды тек зауыт пен фабрикаға даярлау — дұрыс емес.
– Ең көп тапшылық — шағын-орта бизнестегі кадрлар. Қызмет көрсету, туризм дейміз. Нарықтық экономика болғаннан кейін қазір қоғамда жеке кәсіпті дамытуға ден қойылған. Демек, соларға да мамандар қажет, — дейді Динара Шәріпбаева.
Президент те бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артатынын айтты. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 млрд теңге бөлінбек.
«ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
