Темір өңдеуші – шебердің қолынан шыққан әрбір деталь!

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы, және осы маңызды жылда біз Темір өңдеуші мамандығын ерекше атап өткіміз келеді. Ол – өнеркәсіптің әр саласында өз қолтаңбасын қалдыратын, болашаққа негіз қалап жүрген нағыз шебер.

Темір өңдеуші – бұл мамандықта жұмыс істейтін адам темір мен металлды өңдеу, қию, бүгу, пісіру сияқты көптеген күрделі технологияларды меңгерген. Осы мамандықтың иелері құрастыратын бұйымдар мен құрылғылар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналады.

Өндіріс орындарында техника мен құрал-жабдықтардың сапасы, сенімділігі, олардың жұмыс істеп тұруы осы мамандық иелерінің шеберлігіне тәуелді. Олар – болаттың, темірдің, алюминийдің әрбір бөлігіне жан бітіріп, тамаша құрылымдар мен құрылғыларды жасап шығарады.

Темір өңдеуші болу – бұл нақты іске негізделген еңбек. Егер сіз қолмен жұмыс істегенді ұнататын, ұқыптылықты жоғары бағалайтын адам болсаңыз, осы мамандық сізге арналған!

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».

Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.

Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.

Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.

Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы

x

Check Also

Қазақстан әлемдегі топ-100 суперкомпьютер қатарына енді

Ұлттық суперкомпьютер «Alem.Cloud» әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің халықаралық рейтингі TOP500 тізімінде 86 орынды иеленді. Бұл рейтингке тек HPL (High-Performance ...

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заң арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Жасанды интеллект жүйелері ақпараттандыру нысаны ретінде анықталды. Енді жасанды интеллект адамның ...