Сақшылар ерлігі халық жадында сақталуға тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалы­ғымен құқық қорғау органдарының маусымда кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.

– Тағайындаулар біреуге бүйрегі бұратын субъективті шешімге емес, лайықты еңбекке, нақты көрсеткіштер мен кәсіби жетістіктерге негізделуге тиіс. Әйтсе де, Ли Куан Ю айтқандай ішкі түйсікке де иек артқан жөн. Әрбір офицер адал қызметінің лайықты бағаланатынына сенімді болуы керек. Жалпы, бүгінгі айқындалған бағыттар құқықтық тәртіп пен заңдылық­ты сақтаудың жаңа моделін қалыптастыру­ды көздейді. Институттық реформалар мен технологиялық жаңашылдықтарды ұштастыра отырып, құқық қорғау органдарын одан әрі жаңғырта беруіміз керек. Мен бір апта ішінде құқық қорғау органдарындағы олқылықтардың барлығы көрсетілетін материал дайындау жөнінде тапсырма бердім. Мұнда қызметке де байланысты кемшіліктер бар. Сондықтан біз бүгін ол туралы егжей-тегжей айтпаймыз. Дегенмен мәселенің шет жағасы қозғал­ды. Бір апта ішінде құжат барлық құқық қорғау органына жіберіледі. Одан кейін біз жабық форматта жиын өткізіп, жұмыс барысын талқылаймыз. Сіздер қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті сақтау ісін өмірлік миссия ретінде таңдап, адал қызмет етіп келесіздер. Бұл – қиындығы көп болғанымен, елге қажетті әрі абыройлы жұмыс. Осы күрделі жолды нағыз отаншыл адамдар таңдайды. Сіздер әр азаматтың жайлы өмір сүруіне, бизнестің тұрақты дамуына, балалардың бақытты әрі алаңсыз өсуіне орасан зор үлес қосып жүрсіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, еліміздегі ірі қалалар­мен қатар, шалғай елді мекендер­дегі қоғамдық қауіпсіздік – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасы. Осындай тұрақтылық пен тыныштықтың артында Заң мен тәртіп үшін жасалған ерен ерлік бар. Халқымыз құқық қорғау органдары қызметкер­лері­нің ерлігін бағалайды, мақтан тұтады, әрқашанда қолдайды. Жақын­да күштік құрылымдарымыз Алматы облысында ірі есірткі зертханасын жойды. Маңғыстау об­лысында трансұлт­тық деңгейдегі ұйым­дасқан қылмыс­тық топ құрықталды. Соның нәтиже­сінде есірткі бизнесіне мықты тос­қауыл қойылды. Арнайы операцияларға қатысқан мамандар жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

– Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы. Өкінішке қарай, Тәуел­сіздік жылдарында 842 азамат қызмет­тік міндетін орындау кезінде қазаға ұшырады, 4,5 мың адам жарақат алды. Қазір біз қаза болған ерлеріміздің жақындарына марапат тапсырамыз. Ержүрек сақшылардың ерлігі халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі ретінде жұртымыздың жадында сақталуға тиіс. Осы орайда, мен мекемелік наградаларға қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімін беру мәселесін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ көшелер мен құқық қорғау мекемелерін батырлардың атымен атауға болады. Мұндай тәжірибе елімізде бұрыннан бар. Лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі Тараздағы орталық көшелердің біріне берілді. Сондай-ақ қаладағы оқу-жаттығу полигоны да батырдың атымен аталған. Таяуда оның өмірі мен ерлігі туралы «Капитан Байтасов» атты көркем фильм көрермен назарына ұсынылмақ. Өрт сөндіру кезінде опат болған Асқар Забикулин де елдің есінде. Астанадағы Өрт сөндіру бөліміне және сол бөлім орналасқан көшеге оның есімі берілді. Бұл азаматтарды нағыз бейбіт күннің батырлары деуге болады. Олар ақтық демі қалғанша антқа адал болды, қызметтік парызын өтеу жолында өз өмірлерін құрбан етті. Елге және заңға қызмет етуге бел буған әрбір азамат адамгершілік пен әділдік құндылықтарын басшылыққа алады. Қылмысқа қарсы күресті қастерлі парыз деп санайды. Мұндай қасиеттер адамға, ең алдымен, отбасындағы тәрбие арқылы беріледі. Құқық қорғау саласында ата-анасының жолын қуып, отбасы дәстүрін жалғастырып жүрген қызметкерлер аз емес. Қазір біз үш атадан бері тәртіп сақшысы болған Зайнулиндер әулетінің өкілдерін марапаттаймыз. Мен бүгін барша құқық қорғау жүйесінің ардагерлеріне зор алғыс айтамын. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, – деді Президент.

Жалпы, заң мен тәртіп ұғымы көшедегі тазалық пен қауіпсіздік сияқты қара­пайым нәрседен басталады. Жергі­лікті билік, бизнес және қоғам белсен­ділері ортақ мүдде жолында күш бірікті­ріп жұмыс істесе, қоғамдағы заң мен тәртіп те нығая түседі. Осы орайда Мемле­кет басшысы Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан «Зиялы қауым» жобасын ерекше атап өтті. Ауыл әкім­дері, ақсақалдар және шаруа қожалық­тарының басшылары бірлесіп, учаскелік инспекторларға қолғабыс етуде. Жер­гілікті азаматтардың осындай үлгілі ісіне қолдау көрсету керек. Бұл – аза­мат­тық жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген бірқатар ауылдың ақсақалдарын мақтап, марқайтып қойды.

– Құқық қорғау органдарының көп жұмысы сырт көзге көріне бермейді. Жедел қызметкерлер, тергеушілер, прокурорлар, криминалистер, патруль қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен басқа да құрылым қызметкерлері күн сайын ел тыныштығын қас қақпай күзетуде. Ешқандай қауіп-қатерге қарамастан, Отан үшін жасап жатқан адал қызметтеріңізге зор ризашы­лығым­ды білдіремін. Мен Сіздерге сенемін! Әрқайсысыңыз мықты маман, отаншыл әрі адал азамат деген атқа лайықсыздар. Әрине, құқық қорғау мекемелерінің жұмысында ешқандай қателік немесе жетіспеушілік жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ қара бұлтты төндірудің де қажеті жоқ. Бәріміз бір ел, бір халық болып Қазақстанымыз үшін қызмет етіп, табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ ұлттық парыз, азаматтық борыш. Қазақстан қауіпсіз, заң мен тәртіпке бағынатын ел болуы керек. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі бір аптаның ішінде Құқық қорғау органдарының жұмысы туралы арнайы талдау дайындауы керек. Барлық түйткілдерді ашық түрде көр­сетеді, мәселелерді шешу жолдарын ұсы­нады. Бұл – өте маңызды жұмыс, оны жал­ғастыру қажет. Түптеп келгенде, біздің басты бағдарымыз – айқын. Бұл – заң мен тәртіп қағидаты. Қызметтеріңізге табыс тілеймін! – деді Мемлекет басшысы.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
«Egemen Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заң арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Жасанды интеллект жүйелері ақпараттандыру нысаны ретінде анықталды. Енді жасанды интеллект адамның ...

Дроны помогли задержать наркосбытчицу с 2 кг синтетики в Шымкенте

Правоохранители стали всё чаще использовать БПЛА в обеспечении правопорядка. Дроны задействованы в дорожном патрулировании, для контроля на массовых мероприятиях и ...