«Заң және тәртіп» – халықтың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактор

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалы­ғымен құқық қорғау органдарының маусымда кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.

Құзырлы органдардың негізгі мақсаты – нақты нәтижеге қол жеткізу

Президент сөзінің басында полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтап, олардың заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүргенін, құбылмалы уақытта қоғамдық қауіп­сіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету айрықша маңызды міндет екенін атап өтті.

– Бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет. Елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор. Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысып отыр. Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылды. Трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде бүгін шетелдік полиция атташелері отыр. Құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін Сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, кейінгі жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатыр. Мемлекеттің саяси жүйесі мен эко­­номикалық құрылымы түбе­гейлі жаң­ғыруда. Ел ішінде жоғары құқық­тық мәдениет қалыптасып келеді. Аза­ма­т­тық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымызға тән аса маңыз­ды басымдық. Мемлекет құқық қорғау жү­йесін жетілдіруге және барлық сала­да заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді. Осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіз­дік. 2019 жылдан бері қылмыстық құқық­бұзу­­шылық саны шамамен екі есе азай­ды. Со­ның ішінде қарақшылық, тонау, ұр­лық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмен­деді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыс­тар 30 па­йыз­ға кеміді. Қоғамдық орындар­дағы қы­лмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз.

Президент атап көрсеткен маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық­пен күрес және әйелдер мен бала­лар­ды қорғау. Осы бағытта заңнамалық, инс­титуционалдық тұрғы­дан батыл қадамдар жасалып жатыр. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Жалпы, кейінгі 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың бойында отбасындағы қатыгездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптасуда.

– Зардап шеккендерге қолұшын беретін, ал құқық бұзушыларды жазғы­ратын қайырымды қоғам орнығып келеді. Елімізде «Қазақстан балалары» атты арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Құжатта өскелең ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған маңызды тетіктер ұсынылмақ. Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылып жатыр. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайды. Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Тіпті өмір бойы бас бостандығынан айы­­­ры­­луы мүмкін. Бірақ бұл саладағы жұмыс әлі де толығымен біткен жоқ, түйткілдер жет­кілікті, шешілмеген мәселелер еліміз­дің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына сын-қатер төндіруде. Бүкіл қоғамды алаң­датып отырған ең қауіпті үрдіс: жастар нашақорлыққа үйір бола бастады. Бұл – үлкен қатер, оны жасырмауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент елімізде кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің халық­аралық озық стандарттарға сай тиімді жүйесі қалыптасқанын мәлімдеді.

2019 жылдан бері ІЖӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 23 пайыздан 16 пайызға дейін төмендеді. Бірақ әлі жо­ғары деңгей сақталып отыр. Мем­лекет жауапкершілігі мол әрі адал кәсіпкер­лерді қорғап, қолдау білдіреді. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бас прокуратура жалпы сомасы 34 трлн теңге болатын шетел­діктердің қатысы бар жүздеген инфра­құрылым­дық жобаға құқықтық тұрғыдан көмек көр­сетіп келеді. Алайда отандық бизнесті негізсіз қылмыстық қудалау мәсе­лесі толық шешімін тапқан жоқ. Пре­зи­дент осы бағыттағы жұмысты жал­ғас­тыруды Бас прокуратура қаперіне салды.

Бұған қоса жемқорлыққа қарсы күресу үшін нақты, жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Президент тапсырмасымен сот арқылы жемқорлардан алын­ған қаражат мектептер салуға жұм­салып келеді. Үш жылдың ішінде 89 мек­тептің құрылысына 150 млрд теңгеден аса қаражат берілді (соның ішінде 61 мектеп пайдалануға берілді). Дегенмен қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайда жемқорлыққа қарсы күресті тиімді жүргізу үшін жаңа тәсілдер қажет.

– Біз қонақжайлық индустриясының әлеуетін мақсатты түрде нығайтып, туризм­ді дамытамыз және шетелдік қонақ­тары­мыздың қауіпсіздігін қамта­масыз етуге баса мән береміз. Бүгінде Қазақстанға келген әрбір туриске әуежайдан қауіпсіздік жадынамасымен бірге мобильді байланыс пен базалық интернет пакеті бар жаңа сим-карта беріледі. Қазақстанды жайлы әрі қауіпсіз мемлекет ету – бәрімізге ортақ міндет. Біз азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғай білуіміз керек. Ел ішіндегі тыныштық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл – халықтың әл-ауқаты мен еліміздің табысты дамуына тікелей ықпал ететін фактор. Сондықтан біз бүкіл құқық қорғау жүйесінің әлеуетін арттыруымыз қажет. Осылайша, Қазақстан аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлес қосатын ел ретіндегі мәртебесін нығайта бермек. Құқық қорғау органдары түбегейлі өзгерістерге дайын болуға тиіс. Түйткілдің бәрін жан-жақты ойластырып, жоспарлы түрде шешу қажет. Құзырлы органдардың негізгі мақсаты – нақты нәтижеге қол жеткізу».

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
«Egemen Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заң арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Жасанды интеллект жүйелері ақпараттандыру нысаны ретінде анықталды. Енді жасанды интеллект адамның ...

Дроны помогли задержать наркосбытчицу с 2 кг синтетики в Шымкенте

Правоохранители стали всё чаще использовать БПЛА в обеспечении правопорядка. Дроны задействованы в дорожном патрулировании, для контроля на массовых мероприятиях и ...