Жұмысшы мамандықтарын қолдау артады

Биыл да әдеттегідей Президент Жолдауының басым бөлігі халықты әлеуметтік қолдау саласына арналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мәселесін үнемі жіті назарда ұстап келеді. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі қадам деп айтуға толық негіз бар.

Шын мәнінде, біз инфрақұры­лым мен экономиканы дамыту туралы айтқанда ең бірінші кезекте білікті мамандардың жетіспеушілігі деген мәселеге тап келеміз. Барлық салада қазір осындай көрініс. Сондықтан Президент бастамасы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, елге қажетті кадрларды даярлауға арналып отыр.

Айталық, бес жыл бұрын жастарға колледжде білім алу үшін көптеген грант бөлдік. Бірақ бұл мәселені шешті ме? Шынын айту керек, жұмысшы мамандықтарына жастар көп қызыға бермейді. Оның беделі айтарлықтай жоғары емес. Тіпті грант саны мен шәкіртақының өскеніне қарамастан, колледжде оқуға ынта білдірушілер қатары аз. Сондықтан бұл Жолдауында Президент жұмысшы маман­дықтарын қолдау туралы айтты. Тіпті осы саланың үздіктеріне арналған мемлекеттік наградалар енгізілмек.

Жұмысшы мамандықтарына қызығушылықтың төмендігіне ең басты себеп – жалақының аздығы. Салыстырмалы түр­де айтсақ, біз бұған дейін мұға­лім­дердің жалақысы төмен болға­нын білеміз. Соның салдарынан бұл мамандыққа көбінесе ұлттық бірыңғай тестілеуде шек­ті балды әрең жинаған, яғни үлгерімі төмендеу түлек­тер келетін. Ал олардан қан­дай ұстаз шығады? Кейін біз салада түбегейлі реформа жүргі­зіп, олардың жалақысын бір­не­ше есеге өсіріп, қажетсіз жұ­мыстардан арылтқанда жағдай мүлдем өзгерді. Бүгінгі таңда мұғалім мамандығына түсіп жат­қан талапкерлердің орташа жинайтын балы 100-ден асып жығылады. Сондықтан кез келген мамандықтың жастар тарапынан қызығушылық тудыруы үшін, ең алдымен, оның жа­лақысын көтеру керек.

2024 жылы жазда өңірлерде бол­ғанымызда елімізде дәне­керлеуші, кран машинисі, су жолы қызметкері, слесарь секілді қажет мамандардың жетіспейтінін көрдік. Себебі сол – олардың жалақысы аз. Сондықтан ол мамандықтарға ешкім барғысы келмейді. Қа­зір Парламент тарапынан қа­былданған нормативтік-құ­қықтық база бұл бағытта жұмыс істеу үшін жеткілікті. Заңдар бар, енді атқарушы органдар біз айтып отырған жалақы мәселесін көтеру жағымен шұғылдануы керек.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты

x

Check Also

2025 — Жұмысшы мамандықтар жылы: Гүл өсіруші бағбан — сұлулық пен сабырдың иесі

Ол таңды құстар әнімен емес, гүл суарумен қарсы алады. Табиғаттың тынысын тыңдап, әр бүршіктің ашылуын жүрегімен сезінеді. Гүл өсіруші бағбан ...

Еңбектің наны – адал

Тапқаның адал болса… Халал – бұл денсаулық, дұрыс тамақтану, экологиялық таза өнім, жоғарғы сапа, сенім, адал еңбекпен келген ризық. Көпшіліктің ...