Қала әкімінің Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен көшпелі кездесуінде көтерілген өзекті мәселелердің бірі – көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру. Әсіресе тұрғындардың басым бөлігі балалар үшін қауіпсіз әрі заманауи ойын алаңшаларын салуды сұрады. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімдігі қысқа мерзім ішінде нақты іс-шараларды қолға алды. Нәтижесінде Теріскей шағын ауданындағы 58-көппәтерлі тұрғын үйдің ауласында жаңа балалар ойын алаңшасы орнатылып, пайдалануға берілді.
Жобаны жүзеге асырушы мердігер мекеме ойын алаңшасын барлық құрылыс және қауіпсіздік талаптарына сай етіп жабдықтады. Алаңшаға балалардың жас ерекшеліктеріне сай түрлі ойын құрылғылары орнатылып, сырғанақтар, әткеншектер, өрмелеу кешендері және басқа да ойын элементтері қойылды. Сонымен қатар, балалардың жарақат алуының алдын алу мақсатында жұмсақ резеңке төсеніштер төселді.
Құрылыс барысында қоршаған орта мен санитарлық талаптарға ерекше мән беріліп, аумақ толықтай абаттандырылды. Алаңша айналасына орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылып, жасыл желек отырғызылды. Бұл тек балаларға арналған ойын аймағы ғана емес, барлық тұрғындар үшін тынығуға қолайлы қоғамдық кеңістікке айналды.