ТЖМ жүйесіндегі еріктілер мен волонтёрлердің рөлі

Соңғы жылдардағы ірі төтенше жағдайлар азаматтық қоғамның, атап айтқанда, еріктілер мен волонтёрлердің төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жүйесіндегі рөлінің маңыздылығын айқын көрсетті.

Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі 47 мыңға жуық еріктіні біріктіретін 136 волонтёрлік ұйыммен өзара ынтымақтастық орнатқан.

Еріктілер кәсіби құтқарушылар мен өрт сөндірушілер үшін нақты көмекке айналуда. Бұл әсіресе жастар арасында өзекті, себебі волонтёрлік ұйымдар болашақтағы ТЖ саласының кадрлық резервін қалыптастырады. Министрлік волонтёрлік ұйымдармен бірлесіп, жұмыс бағытын үш негізгі сала бойынша ұйымдастырады: табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету (гуманитарлық қолдау қоса алғанда), төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жоюға қатысу, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздеу-құтқару жұмыстарына қатысу.

Министрлік салалық волонтёрлікті белсенді түрде дамытып келеді. Бұл бағыттағы жарқын мысал ТЖ саласындағы еріктілердің алғашқы республикалық форумы, ол оқу-жаттығу полигоны базасында өткізілді. Сонымен қатар, ТЖМ волонтёрлік туралы тәжірибесін халықаралық еріктілер форумында «ТЖ саласындағы волонтёрлік» тақырыбындағы панельдік сессия аясында ұсынды.

2024 жылы Қостанай облысында мобильді ерікті топтарды құру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл топтар ТЖМ-нің кәсіби авариялық-құтқару бөлімшелеріне ұқсас түрде арнайы дайындықтан өтті, оған физикалық даярлық та кірді. Биылдан бастап мұндай топтар еліміздің әрбір өңірінде құрыла бастайды. Бұл еріктілер жұмысының жүйелі болуын қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлар кезінде бейберекет волонтёрліктің алдын алуға мүмкіндік береді.

Аталған жоба 2024 жылы Астана қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) жанындағы Жастар кеңесінің шеңберінде ұйымдастырылған волонтёрлік қозғалыстар көшбасшыларының слетінде таныстырылып, 2024–2026 жылдарға арналған волонтёрлікті дамыту және қолдау жөніндегі Жол картасына енгізілді.

Еріктілердің ірі төтенше жағдайлар кезінде, атап айтқанда, 2024 жылғы су тасқыны кезінде және Қостанай мен Абай облыстарындағы ірі орман өрттерін сөндіру кезінде көмек көрсетуі ерекше атап өтерлік жағдай. Олардың қатысуы зардап шеккендерге жедел көмек көрсетіп, салдардың жойылуына елеулі үлес қосты.

ТЖМ еріктілер қозғалысына ақпараттық қолдау көрсетуді де жолға қойған. Министрліктің ресми сайтында волонтёрлікке арналған бөлім жұмыс істейді: онда тіркеуден өтуге, нормативтік құжаттармен танысуға және өзекті ақпарат алуға болады. Бұдан бөлек, жыл сайын шамамен 2 мың волонтёрлік ұйымдардың жетекшілері мен үйлестірушілері оқудан өтеді.

Еріктілер нақты тәжірибелік жұмыстарға да белсенді тартылады. Олар іздеу-құтқару жұмыстарына, шомылу маусымы, өрт қауіпті және жылыту кезеңдеріндегі алдын алу шараларына, сондай-ақ ТЖМ ұйымдастыратын түрлі әлеуметтік акциялар мен іс-шараларға қатысады.

Қазақстан Республикасының Президенті атап өткендей, мемлекеттік органдар волонтёрлердің әлеуетін тиімді пайдалану бағытында белсенді жұмыс жүргізуі қажет. Осыған орай, Төтенше жағдайлар министрлігі волонтёрлік ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайтып, төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын азайтуға бағытталған әріптестікті одан әрі дамытатын болады.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі

x

Check Also

Вторая группа казахстанских специалистов водной отрасли отправилась на обучение в Китай

На двухнедельные курсы в КНР отправились 30 человек. Ранее из соседней страны вернулась первая группа из 30 специалистов. В этом ...

Қазақстандық су саласы мамандарының екінші тобы Қытайға оқуға аттанды

Қытай Халық Республикасына екі апталық курстарға Қазақстаннан 30 маман аттанды. Бұған дейін көрші елден 30 адамнан құралған алғашқы топ оралған ...