Жаңа туған сәбиге бірнеше күрделі ота жасалды — Xnews — ақпарат агенттігі

Жаңа туған сәбиге бірнеше күрделі ота жасалды

2025 жылдың 14 наурызында Шымкент қалалық Перинаталды орталықта салмағы 3255 грамм болатын ұл бала дүниеге келді. Алайда сәбидің жағдайы өте ауыр болғандықтан, бірден жаңа туған нәрестелер реанимациясына ауыстырылды.

Дәрігерлердің айтуынша, нәрестеде ішкі ағзалардың туа біткен күрделі ақауы анықталған. Атап айтқанда, ішектің бір бөлігі дамымаған (атрезия), ішек ішінде кистозды түзіліс болған және ол жарылып кеткен. Бұл іште іріңді қабыну процесіне – перитонитке әкелген. Сонымен қатар, сәби оң жақтағы аталық бездің қабынуы (орхоэпидидимит) секілді тағы бір ауыр диагнозбен түскен.

Хирургтар шұғыл түрде бірнеше күрделі ота жасады: зақымданған ішек бөлігін алып тастап, жаңа ішек жалғауын (анастомоз) орнатты, сондай-ақ ішектің сыртқа ашылатын жолын – энтеростома жасады. Сонымен бірге, аталық без аймағына дренаж қойылды. Күрделі отаны перинаталды орталықтың неонаталды хирургы Ержан Байдуллаев жасап шықты.

Айта кетейік, сәби 38 апталық жүктілікте кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Оған қоса, жатырішілік инфекция мен жаңа туған нәрестенің гемолитикалық ауруы да анықталған.

Сәби неонаталды хирургия бөлімі мамандарының жіті бақылауында болып, тиісті ем —шараларын алғаннан соң үйіне шығарылды. Дәрігерлер баланың жағдайын жақсы деп бағалап отыр.

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...