Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2025 жылды Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы деп жариялап, ел көлемінде кешенді шараларды қолға алды.
Осы бастаманың аясында Шымкент қаласында 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында «Жасөспірім» профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл іс-шараға қаладағы құқық қорғау органдарымен қатар, жергілікті атқарушы билік, прокуратура, «Аманат» партиясы, білім және спорт басқармалары, жастар ресурстық орталығы, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда. Бірлескен әрекет жасөспірімдермен жұмыс істеудің жаңа деңгейін қалыптастырып отыр. Мектептерде оқушыларға арналған құқықтық сабақтар өткізілуде. Полицейлер жасөспірімдерге қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік, заң нормалары туралы түсінік беріп, құқықтық сауаттылықты арттыруға күш салуда. Сонымен қатар, түнгі уақытта ойын-сауық мекемелері мен көшелерде рейдтік шаралар өткізіліп, бақылаусыз жүрген балалар анықталуда. Іс-шараның алғашқы 14 күні ішінде 776 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, бірқатар заңсыз әрекеттердің жолы кесілді. Оның ішінде тәрбиелеу міндетін орындамаған ата-аналар, заңсыз алкоголь мен темекі өнімдерін сатқан тұлғалар және түнгі уақытта үйден тыс жүрген жасөспірімдер анықталды. Бұл деректер қоғамның бала тәрбиесіне назар аударуы қажеттігін көрсетеді. Шара қорытындысы бойынша құқық бұзушылыққа бейім 57 жасөспірім мен 20 отбасы ішкі істер органдарының бақылауына алынды.
Бұл – тек полицияның ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жасөспірімдердің болашағы – бүгінгі тәрбие мен қорғауда. Сондықтан ата-аналар мен қоғам өкілдері балалардың тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың амандығына үлес қосуы қажет.-деді Шымкент қаласының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы Е.Сулейманов.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/9V9f_v8TrYo