Стористі емес, кітапты аш!
Осыдан он шақты күн бұрын Лаура Тастанбек әріптесімнің кішкентай оқушы қызын кітап оқуға үйреткенін көріп, балалық шағым есіме түсті. Менің анам мен апам(нағашы әжем бізбен тұратын) да кітапты дауыстап оқығанымды қалайтын. «Біз де тыңдаймыз, сенің де есіңде қалады», дейтін. Рас. Күрделілеу сөйлемдерді қайта оқимын, мамам мен апам жарыса түсіндіреді. Апам ғой, өміріндегі ұқсас сәттер есіне түсіп кетсе, «өз кітабын» ақтаратын… Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын» осылай бір жылап, бір күліп отырып, бірнеше рет бірге оқығанбыз. Бұрыңғы жылдардың қиямет кезеңдеріндегі оқиғаларды еріксіз еске түсіретін «Құпия қойма» кітабын да талай қайталап оқыдық. Кітаптың қызығына батқанымызда апам жарықтықтың иіріп отырған ұршығы жайында қалатын. Ашаршылық жылдары, одан кейінгі қуғын-сүргін азабын ағасымен бірге тартқан кезін айтып беруші еді…Сіз жылайсыз, енді оқымаймын дейм. Оқи бер, енді жыламаймын деп қояды. Мені кітап оқысын дегені екен ғой…
Ал, Шара Жиенқұлованың «Өнерім-өмірім» кітабы мамама қатты ұнайтын. Алғаш рет биші қыздың өмірі туралы повестің үзінділерін Жұлдыз журналынан оқыған екен. Кейіннен кітап болып шыққанда кітапханадан жаздырып алып бірге оқыдық(Сол 7 сыныпта биші болғым келіп, Мәдениет үйіндегі би үйірмесіне жазылғам. Бірақ екі ай ғана бардым). Кейіннен «Биші Шара» туралы фильмді көргенде, ол эпизодтарды мен бұрын көріп қойғандай мәз болып отырғаным есімде.
Кітап оқу, оқыған шығарманы талдау — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Манат Әлиева апайымыздың сүйікті ісі еді. Раушан коммунист пен Шұғаның белгісін класста дауыстап кезекпен оқытатын. Сол әдіс дұрыс негізі! Алғашқыда тыңдағысы келмей, сөйлеп отыратын ұлдардың өзі бір кезде ұйып тыңдап, қоңырауға да шықпаушы еді.
Бір кітап талай естелікті еске түсірді… Мектептерде кітап оқу, талдау немесе оқырмандар клубын жандандыру керек. Қаладағы кітапханаларда ондай клубтар бар. Жастар барады, 2-3 рет мен де бардым кездесуге. Бірақ сол әдемі сабақты мектепте қажеттілікке айналдырса деген ойым бар. Балалар бірге оқитын кітабын өздері таңдасын. Бастаса, жүйеленетіні анық. Бұған бірінші кезекте мұғалімі құмбыл болса, ұл-қыздар қызыға түсер еді. Ең маңыздысы, әрине, кітап оқу отбасында қалыптасса құба-құп. Бір емес бірнеше сағатын ұялы телефонға ысырап ететіндер сол уақыттың 40-60 минутын кітап оқуға қиса ұтылмас еді. Болмайтынды айтып…дерсіз. Дей беріңіз.
Қараңызшы, мысалы, Исландия елінде әр 10-шы адам өмірінде бір кітап жазып шығарады екен (соңғы кезде кітап жазатындар бізде де көбейген). Ал халқының шамамен 93%-ы жылына кемінде бір кітап оқиды екен.
Үндістандықтар жылына орта есеппен 16 кітап оқиды, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қытайда тұрғындар аптасына орта есеппен 8 сағат кітап оқиды екен. Күніне 1-1 жарым сағат деген сөз. Біздің де оқуға мүмкіндігіміз бар!
Ұлттық кітап күні деп сәуірдің әдемі күнін белгіледік. Қалған күндері кітапты елемеуге болады деген сөз емес. Керісінше, жыл бойы өзіңізге дос болар кітапты оқып, қарап, осы күні есеп беретін күн сияқты. Әрі, бұл тек оқырмандарға емес, жазатын жандарға да шабыт сыйлайтын күн. Кешегі күні орталық қалаларда кітап көрме-жәрмеікелері ұйымдастырылды. Соны жылына бір рет емес, тоқсан сайын өткізсе де болады. Әлеуметтік желіге суретін салып, есеп беру үшін ғана емес. Оқырман ағылып келіп, жазушысын, ақынын, баспагерін іздейтіндей қылып. Кітап оқу марафондары да қызып жатса…
Мемлекет елдегі кітапхана қорын толтыру үшін соңғы 10 жылда 10 миллионға жуық шығарманы басып, таратты. Енді сол шығармаларды оқып. оқуға баулу керек. Үйде, мектепте, барлық ортада.