Шымкент: Абай ауданындағы әлеуметтік нысандар мен мәдени-көпшілік іс-шаралардың жүзеге асуы

Абай ауданында тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстардың қатарында инфрақұрылыммен қатар әлеуметтік, мәдени және қоғамдық іс-шаралар да кең ауқымда ұйымдастырылып келеді.

Халық қатысатын жобалар, көгалдандыру мен абаттандыру бастамалары, сондай-ақ ұлттық мерекелерді атап өту дәстүрі ауданның қоғамдық-әлеуметтік келбетін қалыптастыруда маңызды орынға ие. Соның ішінде, Наурыз мерекесі жыл сайын аудан көлемінде кең көлемде аталып өтуде. Биылғы жылы «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес 10 күндік іс-шаралар циклі ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөлінді. 21 наурыз күні аудан орталығындағы «Наурыз» алаңында өткен мерекелік шара аясында 12 киіз үй тігіліп, тұрғындарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Іс-шараға жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты.

Мерекелік бағдарламаның мазмұны кең әрі түрлі бағыттарды қамтыды. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, халықты тартатын көріністерге айрықша мән берілді. 300 адамның қатысуымен «Қара жорға» биі қойылып, 200 домбырашы бір мезетте «Адай» күйін орындады. Бұған қоса, театрландырылған «Қорқыт ата мен Ұмай ананың бата беруі» қойылымы көпшілік назарына ұсынылды. Кешкі концерттік бағдарламада белгілі эстрада әншісі Ернар Айдар өнер көрсетіп, мерекелік көңіл күйді арттыра түсті. Аталған іс-шараға «Bi Group» компаниясы демеушілік жасап, мерекенің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсетті.

Сонымен қатар, ауданда халықтың игілігіне бағытталған абаттандыру мен әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылып отыр. «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде жүзеге асып жатқан 25 жоба – тұрғындардың тікелей қатысуымен іріктелген ұсыныстар негізінде қолға алынған. Бұл жобалар негізінен ойын және спорт алаңшаларын салуға, гүлзарлар мен жаяу жүргінші жолдарын абаттандыруға бағытталған. 1 млрд 990 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген бұл бастамалар ауданның эстетикалық келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге де мүмкіндік береді. Жобалар аясында 5 жаңа гүлзар құрылысын салу мен тозығы жеткен 4 гүлзарды қайта жаңарту жұмыстары басталды. Бұған қоса, қаланың басты көшелерінің бірі – Темірлан тас жолындағы 410 жарық шамының бағаналарына қосымша декоративті жарық көздерін орнату арқылы қаланың түнгі сәулеттік келбеті жаңартылады.

Осылайша, Абай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар тек инженерлік инфрақұрылыммен шектелмей, әлеуметтік, мәдени және қоғамдық бастамалармен тығыз ұштасып отыр. Бұл – ауданның даму бағыты жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жұмыстар атқарылып жатқанын көрсетеді.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/wNX_iKxMa-w?si=9lIwETcgpOgGWzeO

x

Check Also

Шымкент: Азаматтардың көтерген өзекті мәселелері бақылауға алынады

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың кезекті жеке қабылдауы барысында 25 азаматтың денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары және ...

Шымкент: Момынов көшесіндегі теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүргізілуде

Еңбекші ауданындағы Момынов көшесінің бойында орналасқан теміржол өткелі маңында көлік кептелісі жиі туындап, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайсыздық тудырып келген. Аталған өзекті ...