Шымкенттік дәрігерлер комаға түскен науқасты аман алып қалды

Бас ми тамырынан қан кетіп, геморрагиялық инсульт алған 67 жастағы науқас комаға түскен. Өмірі қыл үстінде тұрған пациенттің өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер шұғыл әрекет етеді. Зейнеткерге МӘМС жүйесі есебінен құны шамамен 6 миллион теңгеге жуық күрделі ота жасалды.

Жоғары технологиялы медициналық көмектің арқасында науқас комадан шығып, есін жиған. Қазіргі таңда өміріне ешқандай қауіп жоқ дейді ақ желенділер. Алдағы уақытта медициналық оңалту шараларын қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болады. Пациентке нейрохирургиялық отаны Шымкент қаласындағы «Хадиша» клиникасының білікті дәрігерлер құрамы сәтті жасап шыққан.

— Науқаста бас ми тамырының көптеген аневризмасы анықталды. Мұндай жағдайда дер кезінде ота жасалмаса адам өміріне өте қауіпті. Нейро-инсульттық қызмет бөлімшеміз 3-ші санат бойынша қызмет көрсетеді. Яғни, нейрохирургиялық көмекке қажетті барлық медициналық құрал-жабдықтар және КТ,МРТ, ангиография мен салалық мамандармен толығымен жасақталған. Күрделі ота түрлері МӘМС және ТМККК бойынша да көрсетілуде,-дейді «Хадиша» клиникасының нейро-инсульттық қызмет жетекшісі Жасұлан Жиренбаев.

МӘМС шеңберінде қызмет көрсететін жекеменшік медициналық ұйым осы жылдың басында ашылған болатын. 250-ден астам орынға есептелген ауруханада стационарлық көмек бағытында неврология, кардиология және жалпы хирургия, жарақат және паллиативті көмек сынды 8 бөлім қызмет көрсетеді. Үш ай ішінде клиникада медициналық сақтандыру бойынша 50-ден астам күрделі ота жасалған. Жалпы, МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны артқан. Шымкент қаласында бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 164 медициналық ұйым қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік медициналық ұйымдар.

#әмсқшымкент #мәмсшымкент

x

Check Also

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығы алдында сөз сөйледі

Президент Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, ...

Мемлекет басшысы «Tulip Hall» көпфункционалды кешеніне барды

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айында пайдалануға берілген конгресс-холл ғимаратымен танысты,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап. Президент тапсырмасына сәйкес бой ...