Наурыз, Наурыз Алты Алашқа қош келдің!

Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты Бадам-1, Бадам-2 тұрғын алаптарының халқы Наурыз мерекесін қасиетті Ораза айтпен бірге атап өтті. Көктем мен жаңару мейрамы ауыл сыртында, қазақы дәстүрге сай ұйымдастырылып, ұлттық рухқа толы ерекше шара болды.

Мерекеге 6 мыңнан астам адам жиналып, 30-ға жуық киіз үй тігілді. Тұрғындар ғана емес, қала қонақтары, ауылдың үлкендері мен аудан билігі де осы думанды тойға ортақтасып, салтанатты жиынға куә болды. Шараны ұйымдастырған – ауылдың 1991-1992 жылы туған жастары. Бұл бастама ауылдастардың ынтымағы мен ауызбіршілігін айшықтап, қазақы дәстүрдің жаңғыруына үлес қосты.

Мерекелік шарада Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол сөз сөйлеп, Наурыз – тек табиғаттың ғана емес, адамзаттың да жаңаруын білдіретін мейрам екенін, сондай-ақ осындай ұйымшылдық арқылы ұрпақ сабақтастығы нығаятынын айтты.

– Бізден кейінгі жастар бізге қарап бой түзейді. Ұлыстың ұлы күнінде үлкендеріміз батасын беріп, жастарымыз ынтымақ танытып жатса, бұл – елдіктің белгісі. Алдағы уақытта Наурыз мейрамы өзге де елді мекендерде жалғасын табады, – деді ол.

Ауылдың Наурызы жылдағыдан ерекше өтті. Киіз үйлер тігіліп, ошақта қазан көтерілді. Келушілер наурыз көже мен ұлттық тағамдардан дәм татты. Ат шаптырып, балуандар белдесіп, балалар асық атып, алтыбақан тепті. Бұл күн – нағыз қазақ ауылындағы шынайы мерекенің көрінісі болды.

Сахна төрінде мектеп оқушыларынан бөлек, елімізге танымал өнер жұлдыздары ән-жырдан шашу шашты. Жұртшылық ұлттық би билеп, Наурыздың шат-шадыман көңіл күйін сезінді.

Мереке күн батқанша жалғаспақ. Бадам ауылының бұл Наурызы – тек бір күндік той емес, бірлігі жарасқан елдің, тамыры терең салт-дәстүрдің символы деп білеміз.

Шымкент келбеті

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...