Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Болу провинциясында орналасқан Карталкая тау шаңғысы орталығында болған өрт салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізген.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстан халқының және өзінің атынан Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мен жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бауырлас түрік халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірген.
Естеріңізге сала кетсек, 21 қаңтарда түнде Түркияның Карталкая тау шаңғысы курортында орналасқан Grand Kartal қонақүйінен өрт шығып, салдарынан 60-тан аса адамның қаза тауып, тағы 51 адамның зардап шеккені хабарланған еді. Кейін қаза тапқандар саны 76-ға жетті.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің өкілдері алдын ала мәлімет бойынша қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады.
Қайғылы жағдайға байланысты 22 қаңтар Түркияда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.