Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында ауыл-аймақтарды қажетті инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Биыл облыс әкімінің басшылығымен облыс бойынша 47 ауыл «көгілдір отынмен» қамтылды. Даму жоспары аясында жыл басынан бері Бәйдібек ауданында 15 елді мекен табиғи газға қол жеткізіп отыр.
Оның ішінде Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылына газ берілді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, облыс әкіміөңір басшысының құттықтауын жеткізді.
– Биыл облысымыз үшін де, оның ішінде бәйдібектіктер үшін де жемісті жыл болды деуге толық негіз бар. Қазіргі таңда Бәйдібек ауданында 50 ауылдың 36-сында «көгілдір отын» қолжетімді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» дейді халық даналығы. Қуанышты күндеріңіз көп болсын, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілейік, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, облыс бойынша 2024 жылдың қорытындысымен 564 елді мекен (69,9 %) немесе 1 млн 834 мыңға жуық тұрғын (85,5 %) табиғи газбен қамтылатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі