1 қазан – Халықаралық қарттар күнінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қазыналы қарияларымыздың шаңырақтарына арнайы барып, мерейлі мерекемен құттықтады,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мақсат Таңғатаров ардагерлеріміздің жүріп өткен жолы – елдік пен ерлік жолы екенін айтты. Ардагер әкелеріміз бен аналарымыздың әділдікті, елдікті, ақиқатты ту етіп жүріп өткен осынау жолы жас ұрпақты әрқашан ерлікке, Отанды сүюге бастайтынын жеткізді. Осы тұрғыдан алғанда ардагерлеріміздің елдің кемел келешегі үшін еткен жасампаз еңбектері мәңгі жасайтынын айтып, мерекемен құттықтады.
Ең бірінші кезекте аудан әкімі ғасырға жақындаған Күлша әжеміздің шаңырағына барды. Ақжаулықты әжеміз 97-ге толып, ұрпағынының қызығын көріп, жапырағы жайылған бақытты әже. Аудан басшысы ғасыр жасаған кейуананың хал-жағдайын сұрап, иығына ақ жаулық жауып, сый-сияпат табыстады. Өнегелі әулеттің отын маздатқан шамшырағы болған Күлша әжей бейнетпен өткен ғұмырының зейнетіне бөленіп, ұрпақтарының алдында бақытты өмір кешіп келеді. Ертеректе тылда тер төгіп, туған жерінде еңбек еткен. Ардақты әже өмірге әкелген 4 перзентінен 15 немере, 36 шөбересі сүйіп отыр. Арнайы құттықтай келген азаматтарға ризашылығын білдірген кейуана елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.
Бұдан соң Махмуд Шаймарданов атамыздың шаңырағында болды. Қария 1942 жылы дүиниеге келген. 40 жыл Ленин колхозында трактор айдаған. 3 жыл әскерде қызмет еткен. Бүгінде 6 немересінен тараған 3 шөбересінің ортасында өмір кешіп отқан бақытты қарттарымыздың бірі.
Қариялармен жүздескен Мақсат Таңғатаров: — «Өздеріңіздің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен», — деді.
Бүгінде ауданымызда ардагерлеріміздің әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында түрлі бағытта жұмыстар атқарылып, мәдени-рухани өмірге белсене араласуларына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылды. Онда зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасалуда. Қарт адамдарға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық және бос уақытты пайдалы өткізудің кешенін ұсынып, олардың белсенді өмір сүру салтын сақтау және дамыту бағытында қызмет көрсетіп келеді.